Өндірістегі жарақатты жасыру дерегі анықталды

Өндірістегі жазатайым оқиғалар тыйылар емес. Жыл басынан бері кәсіпорындарда 12 апат тіркелді. Салдары ауыр болды. 5 жұмысшы қаза тауып, 6 адам жарақат алған. Десе де, ресми статистика өндірістегі жарақаттың саны азайып жатқанын көрсетеді. Мәселен, 2023 жылы 2 670 жазатайым оқиға тіркелген. Ал былтыр оқыс оқиғалардың саны біршама азайған. Бірақ мұның өзі алаңдарлық жағдай. Сорақысы сол, қарамағындағы жұмысшының жарақат алғанын жасырып, құйтырқы әрекетке барған әккі кәсіпкерлер бар. Иә, біреуге – мал қайғы, біреуге жан қайғының кейпі бұл. Енді қара басының қамын күйттегендермен күрес күшейеді. Көптің көкейіндегі мәселе осы аптада Үкіметте қаралды.