Сталкингке қарсы қадам

Сталкингті қайта жасағаны үшін тағайындалатын қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатып, күдіктіні 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру керек. Ішкі істер министрлігі осындай ұсыныс білдірді. Себебі қазір адамды аңдып, қудалау жиілеп кеткен. Тек биылғы бес айда Қазақстанда сталкинг фактілері бойынша 248 қылмыстық іс тіркеліп, олардың тек 83-і ғана сотқа жолданған. Ал 101 іс ақтайтын негіздермен, яғни қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қысқартылған. Мұндай статистика елеулі зиян немесе салдары болмаған жағдайда заңсыз әрекеттердің жазасыз қалуы мүмкін екенін көрсетеді. Сарапшының пікірінше, заңсыз қудалау фактісінің өзін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске енгізу қажет. Қылмыстық іс қылмыс құрамы жоқ деген шешіммен аяқталған жағдайда да, яғни фактілер болғанымен салдары болмаса да, оған құқықтық баға берілуі тиіс. Сталкер жауапкершілікке тартылуы керек.