Ұшқышсыз аппараттар мен радиоэлектрондық күрес: Қазақстан армиясы жаңа кезеңге өтті

Фото: gov.kz

Қазақстан армиясы заманауи қауіп-қатерлерге сай жауынгерлік даярлық жүйесін жаңғыртып жатыр, деп хабарлайды «24KZ». 

Алматы өңірлік гарнизонында Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы Қаныш Әбубәкіров жетекшілігімен оқу-әдістемелік жиындар өтуде.
Іс-шара барысында қазіргі қарулы қақтығыстар талаптарына бейімделген жауынгерлік даярлық жүйесін жетілдіру мәселелеріне басымдық берілді. Жиынға Қарулы күштердің әртүрлі құрылымдары, Арнайы операциялар күштері мен Десанттық-шабуылдау әскерлерінің өкілдері қатысып жатыр.

Жұмыс бес бағыт бойынша ұйымдастырылған. «Бітімгер» оқу орталығында әскерлерді даярлаудың жаңартылған тәсілдері таныстырылып, бригаданың күнделікті қызметін жоспарлау тәртібі бойынша көрсетілім сабақтары өткізілді.
Сондай-ақ сержанттық құрамды дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Әскери қызметшілер үшін бөлімшелерді басқаруда цифрлық шешімдерді пайдалану бойынша практикалық сабақтар мен қазіргі заманғы ұрыс жағдайында байланыс пен басқаруды ұйымдастыруға арналған дәрістер ұйымдастырылды.

Жиын аясында Қорғаныс министрлігі, Бас штаб және Қарулы күштер басшылығының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Қатысушылар әуе шабуылына қарсы қорғаныс, тактикалық бөлімшелер мен зымыран әскерлерін қолдану, радиоэлектрондық күрес және ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану мәселелерін талқылады.

Бұдан бөлек, қазіргі қауіп-қатерлерді ескере отырып, әскерлерді инженерлік, техникалық және тылдық қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылды.
Жиын қорытындысы бойынша генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров қазіргі заманғы ұрыс қимылдары әскерлерді даярлау жүйесін үздіксіз жетілдіруді, жауынгерлік машықты арттыруды және жеке құрамның дене дайындығын жаңа жағдайларға бейімдеуді талап ететінін атап өтті.