Қазақстанда 370 мың дарынды балаға арнайы жазғы демалыс ұйымдастырылады
Қазақстанда дарынды балаларға арналған жазғы демалыс және сауықтыру бағдарламалары іске асырылады, деп хабарлайды «24KZ».
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл республикалық Балдәурен және Бөбек орталықтарында халықаралық, республикалық пәндік және IT-олимпиадалардың, шығармашылық және спорттық жарыстардың жеңімпаздары, барлығы 5 мың бала демалып, дамыту шараларына қатысады.
Ал өңірлерде осындай қолдау 370 мың дарынды баланы қамтиды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың жан-жақты дамуы мен қолайлы ортада демалуын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты Президенттің 100 оқушылар сарайы мен өнер мектебін, 50 балалар сауықтыру орталығын ашу туралы тапсырмасына сәйкес 3 жылда 24 мың орынға арналған 44 қосымша білім ұйымы салынды. Жылдың соңына дейін 3 800 орындық 10 объектінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, осы кезеңде 2 800 орынға арналған 15 балалар сауықтыру орталығы ашылды және биыл 840 орындық 4 сауықтыру орталығы пайдалануға беріледі», – деп атап өтті министр Үкімет отырысында.
Сонымен қатар жазғы демалыспен:
әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан 729 мың бала;
ерекше білім беруді қажет ететін 52 700 бала;
педагогикалық назарды қажет ететін 17 100 бала қамтылады.
Ведомство мәліметінше, балалардың қауіпсіз әрі сапалы демалысын ұйымдастыруға ерекше назар аударылып отыр.