Алматыда Ми институты ашылды
Алматыда Орталық Азиядағы алғашқы Ми институты ашылды, деп хабарлайды «24KZ».
Институт нейроғылым, когнитивтік технологиялар және адам миының қызметін зерттеу бағыттарын біріктіреді. Мұнда заманауи диагностика және талдау әдістерінің көмегімен адамның ойлау, есте сақтау, сөйлеу және мінез-құлық механизмдері зерттеледі.
Осы мақсатта институтта озық зерттеу құралдарымен жабдықталған мамандандырылған зертханалар ашылған. Ғылыми орталықта әртүрлі қолданбалы факультеттерден келген шамамен 20 маман жұмыс істейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Ми институтының директоры Альмира Құстыбаева :
«Әлемдегі ең күрделі нәрсе – адам миы. Сондықтан миды жан-жақты, түрлі ғылыми тәсілдер арқылы зерттеу қажет. Қазіргі таңда ми – әлі толық зерттелмеген ең күрделі ағза. Ғылым айтарлықтай дамығанымен, біз әлі күнге дейін сананың нақты не екенін толық білмейміз. Сондай-ақ адам мінез-құлқының негізінде қандай тетіктер жатқанын да нақты түсіндіріп бере алмаймыз».
Жаңа ғылыми орталық Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында құрылды.