Алматыда ЖРВИ бойынша эпидахуал тұрақты

Өткен аптада 17 мыңға жуық алматылық вирустық инфекция жұқтырған.

Олардың жартысынан астамы балалар. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 39 пайызға аз, дейді мамандар. Алматыда жіті респираторлық вирустық инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы Алматының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді. 

Гауһар Қаткенова, Алматы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

- Қалада тұмау және басқа да ЖРВИ вирустарының айналымына зертханалық мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі. Ағымдағы эпидемиологиялық маусымның 43-аптасынан бастап тұмаудың расталған 25 жағдайы тіркелді. A(H1N1) типі 22 жағдайда, B типі үш жағдайда анықталды. Барлық науқастарға тиісті ем тағайындалып, жағдайлары қанағаттанарлық.  

Қазір Алматыдағы балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасында 648 төсек-орын бар. Күн суытқалы тағы 72 төсек-орын қосылған. Жуырда әлеуметтік желілерде осы ауруханада кезек күткен ата-аналар мен балалардың бейнежазбасы тараған еді. Дәрігерлер бұл жөнінде де түсініктеме берді. 

Ержан Сералин, Алматы қалалық балалар клиникалық инфекциялық ауруханасының директоры:

- Бұл бейнетүсірілімдер түн кезінде болған. Яғни бұл уақытта стационарға жүгінетін науқастар саны артады. Өйткені емханалар жұмыс істемейді. Тексеруден кейін кейбір балаға зертханалық және аспаптық зерттеулер жүргізу, салалы мамандардың консультациясы және қосымша бақылау қажет болады. Сондықтан қабылдау бөлімшесінде болу уақыты тек дәрігерлердің қарауын күту ғана емес, сонымен қатар қажетті тексерулерден өтуге, зертханалық талдау нәтижелерін күтуге және емдеудің одан әрі әдісін анықтауға да байланысты болады.

Сондай-ақ оқыңыз: