Елде бір жылда 198 мектеп пен 655 медициналық нысан салынды
2025 жылы әлеуметтік саланы қаржыландыруға республикалық бюджеттен 9,3 трлн теңге бөлінді. Бұл туралы Қаржы министрі Мәди Тәкиев Сенаттың жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Министрдің айтуынша, Үкімет өткен жылы барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық орындаған. Әлеуметтік саланы дамытуға 9,3 трлн теңге бағытталса, өңірлерді қолдауға 7,7 трлн теңге бөлінген.
Ұлттық жобалар аясында бір жыл ішінде 198 жаңа мектеп салынды, 655 медициналық нысан пайдалануға берілді. Бұл денсаулық сақтау мен білім беру инфрақұрылымын айтарлықтай кеңейтті.
Сондай-ақ 10 мыңнан астам студентке арналған 30 жатақхана іске қосылды. 7 500 колледж студенті мен 23 600 жоғары оқу орындарының студенттері, магистранттар мен докторанттар жатақхана орындарымен қамтамасыз етілген.
Тұрғын үй саласында да оң динамика байқалады. Барлық қаржыландыру көздері есебінен 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтар үшін 5 141 тұрғын үй сатып алынған.
Бұл ақпарат Қазақстанның әлеуметтік саласы мен инфрақұрылымының даму қарқынын көрсетеді.