Елдегі әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігі артады
Өңірлерде әлеуметтік қызметкерлердің біліктілігін арттыру жұмыстары қолға алынды. Елмен етене жұмыс істейтін мамандар әлеуметтік көмек көрсету стандарттарын қаншалықты игергенін арнайы тест тапсыру арқылы дәлелдейді. Себебі бүгінде сала мамандарына жүктелген жауапкершілік жоғары. Олар халыққа кеңес беріп қана қоймай, медициналық, психологиялық, педагогикалық және заңгерлік қызмет көрсетеді, деп хабарлайды 24KZ.
Шығыс Қазақстанда 28 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады. Өңірдегі әлеуметтік қызметкерлердің әрқайсы кемінде 8 отбасыға қамқорлық танытып, қызмет көрсетеді. Сондықтан олардың әлеуметтік кодекс пен қызмет стандарттарын тиісті деңгейде меңгергені маңызды. Біліктілік арттыру курсы тест және онлайн әңгімелесу түрінде өткізілді. Сынақты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сарапшылары қабылдады.
Айман Тоғызова, Әлеуметтік қолдау орталығының бөлім меңгерушісі:
– Үйлеріне дәрі-дәрмек жеткізіп береді. Бір жерге бару керек болса, емханаларға бірге барады. Тамақтарын әкеліп береді. Барлық жағдайын жасап отырған – осы әлеуметтік қызметкерлер. Сол кісілерге олар риза. «Осыларсыз қолымыз байлаулы», – деп отыр. Өте риза. Мейірімді жүрекпен жұмыс істейтін қызметкерлер ғана әлеуметтік салада жұмыс істей алады.
Қазақстанда 12 мың әлеуметтік қызметкер бар. Оның тең жарымы нақты осы салаға қатысты бейінді жоғары оқу орнын бітірген маман. Тағы 3 мың қызметкердің арнаулы орта білімі бар. Олар мамандардырылған орталықтарда ерекше балаларды қабылдап, көмекке мұқтаж жандардың үйіне барады. Қамқорлығындағы адамға құрмет көрсетіп, тіпті туған күні мен мерекеде түрлі тосынсый ұйымдастырады. Солардың бірі Айнагүл Сейілханова. Тәжірибелі маман өзі қамқорлығындағы қариялардың туысындай болып кеткен.
Айнагүл Сейілханова, әлеуметтік қызметкер:
– Біз бір отбасының адамдары сияқты болып кеткенбіз. Бауыр басып қалдық. Күн сайын мені күтіп, келгенде құшақ жая қарсы алады.
Надежда Козлова, зейнеткер:
– Әлеуметтік қызметкерлер ең бірінші сауатты болуы керек. Өзінің міндетін жетік білетін мамандар жұмысын жақсы атқарады. Мәселен, біздің қамқоршымыз ешқашан көңілімізді қалдырған емес.
Әлеуметтік қызметкерлерді қайта аттестаттау республиканың барлық өңірінде жүріп жатыр. Тестілеу мен әңгімелесу түрінде өткен сынақ қорытындысы бойынша 3 мыңнан астам қызметкер өздерінің жоғары біліктілігін растады. Бұдан бөлек, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі елдегі 12 жоғары оқу орны базасында кадрларды даярлау және қайта даярлау бағдарламасын қолға алды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Дмитрий Пыхтин