СҚО-да қыркүйекте мамыргүл гүлдеп жатыр

Өңірде бұл уақытта шық түсіп, қырау қататын. Жұрт күтпеген көрініске таң қалуда. Көктемнен хабар беріп, бірінші болып бүр жаратын өсімдік Пресноредуть елді мекені тұрғындары бақшасында қайта гүл ашқан, деп хабарлайды 24KZ.

Ауыл тұрғыны Александра Кудренко бақшасындағы мамыргүлдің гүлдегенін ойда-жоқта байқаған. Әйел алғашында өз көзіне сенбегенін айтады. Өйткені табиғаттың осындай тосын құбылысын алғаш рет көріпті.

Александра Кудренко, ауыл тұрғыны:

— Балалармен қыдыруға шыққанбыз, қарасақ мамыргүл гүлдеп жатыр. Жапырақтары кей жерлерде сарғайып түсіп жатса да, гүлі жайқалып тұрды. Жұпар иісінен көктем лебі сезілгендей болды. Өте әдемі көрініс! Таңғалдық.

Солтүстік өңірде күзде өсімдіктердің гүлдеуі сирек болатын тосын жағдай. Десек те мамандар бұл құбылыстың ғылыми негізі бар дейді. Биыл өңірде күз жылдағыдан жылы, әрі жаңбырлы. Құбылмалы ауа райы өсімдіктің биологиялық сағатын бұзған.

Артур Рязапов, ботаника бағының директоры:

— Мамыргүлдің отаны — Парсы елі. Ол көктемде гүлдеп болған соң, келесі жылға бүршіктерін дайындай бастайды. Ал биыл жаз ыстық, құрғақ болып, күз кенеттен суытып кетті. Кейін қайта жылынды. Мамыргүл мезгілден жаңылысып қалды. Өсімдік бұл құбылыстың әсерінен күйзеліске ұшырады.

Маманның айтуынша, қыркүйекте бүр жару өсімдікке айтарлықтай зиян келтірмейді. Есесіне, Пресноредуть тұрғындары мамыргүлдің гүлдегенін көріп, ерекше құбылысқа куә болды.

Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

Сондай-ақ оқыңыз: