СҚО-да 1,7 тонна заңсыз балық аулаған браконьерлер ұсталды
СҚО-да заңсыз аулаған браконьерлер ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».
Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданында рейд барысында полицейлер тексеру үшін ГАЗель автокөлігін тоқтатты. Көліктің жүк бөлігінен шамамен 1 700 келі балық, екі моторлы қайық және балық аулауға арналған аулар табылды.
Рөлде отырған Ақмола облысының 49 жастағы тұрғыны интернеттегі хабарландыру арқылы жүк тасымалдауға тапсырыс алғанын түсіндірді. Оның айтуынша, ол Ақжар ауданындағы ауылдардың бірінен Көкшетау қаласына дейін жүкті 70 мың теңгеге жеткізуге келіскен.
Тапсырыс берушілер тасымалдың заңдылығын растайтын құжаттарды ұсынуға уәде берген. Алайда тиісті құжаттарды алмағанына қарамастан, жүргізуші жолға шыққан. Осы жағдайға байланысты ол аудандық полиция бөлімінде түсініктеме берді.
Заңсыз балық аулау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдікке ілінген екі адам анықталды. Олар - Түркістан облысының 33 және 32 жастағы тұрғындары. Күдіктілердің айтуынша, балық Майское ауылының маңындағы көлден ауланған.
Қазіргі уақытта полицейлер заңсыз балық аулауға қатысы бар өзге де адамдарды анықтап, браконьерліктің басқа да деректерін тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.