Жасанды интеллект – ел болашағының басты бағыты

Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу – елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі саналады. 

Бұл ретте жаңа буын мамандарын оқытып, жасанды зерде мен deeptech бағытында кемінде 100 мың маман дайындау қажет. Бүгін ALEM.AI халықаралық орталығының жұмысымен танысқан Мемлекет басшысы осындай нақты міндеттер жүктеді. Мұнда Президентке жастарға жасалған мүмкіндіктер таныстырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттағы бірқатар бастамаларды іске қосты. Солардың бірі – Орталық Азиядағы алғашқы креативті технологиялар орталығы TUMO Astana. 

Риат Шони, тілші:

- Әлем жаңа жарысқа түсті. Бұл жолы бәсеке технология мен код арқылы жүріп жатыр. Осындай кезеңде Қазақстан үшін жасанды интеллектіні дамыту жай ғана тренд емес, стратегиялық қажеттілік. Себебі мұнай мен металдың дәуірі де біртіндеп өтеді. Түгесілмейтін ресурс бүгінде осы сандық технология болып отыр. Егер біз осы толқынға ілеспесек, сырттан келетін технологияға тәуелді болып қалу қаупі бар. Ал Alem.ai — сол тәуелділіктің алдын алуға бағытталған маңызды қадам.

Жүйелі ойлау мен жаңа буынға бағытталған инвестиция. Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы бүгінде ел үшін маңызды миссияны атқарып отыр. 

Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы 8 бөлімнен тұрады. 2 мың шаршы метр. 1 жылдың ішінде бүкіл жөндеу жұмысын бітірдік. Осы орталықта бізде балаларға, студенттерге арналған сабақтар өтеді, жасанды интеллект, цифрландыру сынды 11 сала бар. 

Креативті ойлай білетін, инновациялық білімі бар жас буындарды қалыптастыру мақстында мұнда мектеп жасындағы балалар үшін TUMO Astana креативті технологиялар орталығы іске қосылды. Мұнда 12-мен 18 жас аралығындағы жасөспірімдер цифрлық дағдыларды тегін меңгере алады.

Айнұр Қуанышбаева, TUMO Astana креативті технологиялар орталығының менеджері:

- Біз TUMO Astana-да балаларды 11 бағытта тегін оқытамыз. Бұл – жасанды интеллект, бағдарламалау, робототехника, IT бағытта және де креативті бағыттағы оқу бағдарламалары. Біз балаларды тегін оқытамыз. Балалар ата-аналарымен бірге тіркеледі және де ешқандай іріктеусіз балаларды қабылдаймыз. Орталығымыз 5 мың баланы қабылдауға дайын. 

Жалпы оқу барысында балалардың цифрлық портфолиосы құралады. Бүкіл жұмыстары сол цифрлық портфолиода сақталады және де бала қандай қабілетті, қандай деңгейде меңгергені тікелей көрінеді.

Ал TUMO орталығында оқуын тәмамдағандар әрі қарай Tomorrow School жасанды интеллект мектебінде біліктілігін арттыра алады. Бұл жердің есігі тәулік бойы ашық. Яғни білім алушылар қалаған уақытында келіп, жасанды интелеллект бағытындағы дағдыларды терең меңгере алады. Қазір мұнда білім алып жатқан студенттің бірі – Данияр Шаттыханов. Өзі заңгер бола тұра, заман көшінен қалмай жасанды интеллект саласын да үйреніп алуды жөн санапты. 

Данияр Шаттыханов, Tomorrow School мектебінің студенті:

- Оқу процесінің өзіндік ерекшелігіне негізінде осы бағытты мен толық игере алдым деп есептеймін. Себебі бұл жерде дәстүрлі емес білім беру жүйесі қамтылған, ол жерде атап айтқанда «peer-to-peer» деп айтылатын тәжірибе. Яғни студенттердің өзара ақпарат алмасуы негізінде жүзеге асыратын білім беру тәжірибесі. Бұл Қазақстан үшін жаңа тәжірибе болып саналады және де осы негізде біз көптеген мамандықтарды игере аламыз деп ойлаймыз. 

Бүгін осы орталықтың жұмысымен, әрі жастарға жасалған мүмкіндіктермен танысуға Президент арнайы келді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына мұндағы білім беру бағдарламалары, стартап жобалар және жасанды интеллектінің нақты қолдану мысалдары ұсынылды. Тағы Мемлекет басшысы телекөпір арқылы 14 өңірдегі Tomorrow School мектептерінің желісін ашты.

Айта кету керек, айти бағытты меңгеріп, болашағын осы саламен байланыстырамын деген жастар биыл Жасанды интеллект ұлттық зерттеу университетіне түсе алады. Alem.ai базасында орналасатын жоғары оқу орны қыркүйек айында ашылады деп жоспарланған. Мұнда студенттер нейрондық желіні медицина, энергетика, мемлекеттік басқару сынды бағыттарға енгізуді үйренбек.

Сапар Тоқсанов, Жасанды интеллект ұлттық зерттеу университетінің ректоры:

- Университетте оқу бакалавриат бойынша 3 жыл, ал магистратурада 2 жылға жоспарланған. Негізгі тұжырымдама – AI First университеті. Яғни жасанды интеллект оқу процесінен бастап, сыртқы серіктестермен байланысқа дейін барлық жүйеге енгізілген. Студент оқуын бастаған сәттен-ақ жеке AI-көмекшілер мен AI-оқытушыларға қол жеткізеді. Олар оқу барысында бағыт беріп, әр студентті жеке сүйемелдеп отырады.

Ал бұл - Astana Smart City жобасы. Интеллектуалды қала инфрақұрылымының жаңа буынын қалыптастыратын маңызды бастама. Біріккен Араб Әмірліктерінде сәтті жүзеге асырылған жоба, енді елорданы инновациялық шаһарға айналдырмақ. Яғни, бас қаланың жұмысы арнайы цифрлық жүйе мен жасанды интеллект арқылы басқарылады. Ол үшін Астанада үлкен деректер орталығы құрылып, оған 60 мыңға жуық бейнебақылау камерасы қосылған.

Томас Прамотедхам, Presight.АI компаниясының бас директоры:

- Біз Smart City жобасына елордадағы жедел қызметтердің алгоритмдерін енгіздік. Енді жедел жәрдем, полиция сияқты қызметтер бір жүйе арқылы байланысып, оқыс оқиға болған кезде тезірек әрекет ете алады. Сондай-ақ коммуналдық қызметтер де осы жүйеге қосылды. Енді қала әкімдігі қар тазалау, қоқыс шығару жұмыстары қалай жүріп жатқанын, көшелердің қаншалықты дұрыс әрі жылдам тазаланып жатқанын көре алады. Тағы жол қауіпсіздігі жайы да күшейтілді.

Бұдан бөлек, Alem.ai орталығында Президент «Болашақ ойындары-2026» халықаралық турниріне дейінгі кері санақты интерактивті форматта іске қосып, елде алғашқы криптовалютамен төлеу үрдісін тамашалады. 

Нұрхат Көшімов, Binance Kazakhstan бас менеджері:

- Төлем жасау өте қарапайым түрде жүзеге асады. Клиент криптобиржа қосымшасы арқылы терминалдағы QR-кодты сканерлейді. Сол сәтте оның криптовалютасы автоматты түрде есептен шығарылады. Ал Binance биржасы бұл криптоактивті бірден теңгеге айналдырады. Ал банкпен интеграцияның арқасында ақша кәсіпкердің есепшотына лезде түседі.

Айта кету керек, бұған дейін Президент алдағы үш жылда Қазақстанды толық цифрлы елге айналдыру жөнінде нақты тапсырма берген. «Бұл осы жауапты міндеттің алғышарттары болып отыр. Мемлекетімізді заман ағынынан қалдырмай, алға жетелейтін осы жастар. Сондықтан да дүрбелеңге толы заманда бәсекеге қабілетті ел болып, көш соңында қалмай, өркениетті елге сай өсіп-өркендей беру қажет», – дейді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Есептеуіш инфрақұрылымын ілгерілету маңызды бағыт болып қала береді. Суперкомпьютер кластерінің іске қосылуы еліміздің технологиялық дербестігін нығайтудағы айтулы уақиға болды. Келесі мақсат – елімізде Деректерді өңдеу орталығы алқабын құру. Аталған ауқымды жобаны іске асыру жаңа инвестиция тартуға және өңірлік цифрлық хаб ретіндегі позициямызды күшейтуге мүмкіндік береді. Жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу елімізді жан-жақты жаңғыртудың негізгі факторларының бірі саналады.

Биыл елімізде – «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы». Осы ретте Президент жастарды ширақ қимылдап, тұтас қоғам болып табанды еңбек етуге шақырды. Себебі Қазақстан жаһандық жаңашылдықтардың бел ортасында болуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз азаматтардың әлеуетін арттыруға, оларға цифрлық дағдыларды үйретуге баса мән беріп отырмыз. Бүгінде 650 мыңнан астам студент Al Sana бағдарламасымен білім алып жатыр. Алдағы уақытта жасанды интеллект және deeptech-технологиясына қатысты тағы да 100 мың маман даярлауымыз керек.

Өз сөзінде Президент биыл күзде Astana AI Film Festival атты маңызды халықаралық байқау ұйымдастырылатындығын мәлімдеді. Бұл креативті индустрияның дамуындағы іргелі өзгерістерді көрсететін жаһандық деңгейдегі алғашқы іс-шара болмақ. Ал осыған дейін ұшқыр ой мен терең білім сынға түскен Alem.ai battle сайысы ұйымдастырылған еді. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев айти бағытта өз бақтарын сынап, жеңіске жеткен дарын иелерін марапаттады.

Тоғжан Сырымова байқаудың AI Innovators аталымы бойынша топ жарған. Жас ғалым жасанды интеллект арқылы қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтауға арналған Robio диагностикалық қолғабын әзірлеп шыққан. Бұл технология диагностиканы қолжетімді етіп, дәрігерге зор қолғабыс болатынын аңғартқан екен.

Тоғжан Сырымова, байқау жеңімпазы:

- Негізі осы қолғапты сүт безін тексеру кезінде сандық деректерге айналдырады. Сосын осы деректер негізі жасанды интеллектпен талданып, сүт безіндегі түйіндерді ерте анықтауға көмектеседі. 

Сүт безіндегі онкология – ең жиі кездесетін онкологияның бірі. Сондықтан біз осы жобаны істеуге жоспарладық.

Сондай-ақ Президент үздік жасанды интеллект шешімдер, AI Governance Cup байқауының да жеңімпаздарын марапаттады. «Бұл сайыста ақылды жадыны мемлекеттік басқару ісіне енгізуге арналған іргелі бастамалар ұсынылған болатын. Мұның бәрі идея немесе пилоттық жоба деңгейінде қалып қоймай, озық идеялар мемлекеттік құрылымдардың қызметіне кезең-кезеңімен енгізіп, жұмыстың тиімділігін арттыруы керек», – деді Президент.

Авторлары: Риат Шони, Асхат Серікұлы