АҚШ ЖИ еңбек нарығына өзгеріс енгізді
Жасанды интеллектің қарқынды дамуы кей салада мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашса, енді бірінде керісінше қысқарту қаупін күшейтті. Мәселен, АҚШ-тың Невада штатында ірі деректерді өңдеу орталығын салып жатыр.
Жоба түрлі сала мамандарын жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек. Ал Лас-Вегаста автоматтандыру жүйесі қонақүйдегі тіркеу қызметінен бастап, автотұрақ жұмысына дейінгі мамандарды қысқартуға мәжбүрлейді. Енді кәсіподақтар технологиялық прогресті қолдаймыз ба әлде қызмет орындарын сақтаймыз ба деген қиын таңдаудың алдында тұр.
Лас-Вегастан Рино қаласына қоныс аударған Ламар Александер үшін деректер орталығының құрылысы отбасын асырауға мүмкіндік берді. Мұнда әлемдегі ең ірі кешендердің бірі бой көтереді. Қазір құрылыс білікті мамандарды тартуда. Жұмыс беруші тіпті қызметкерлерге баспана ақысын төлеуге де әзір.
Ламар Александер, сантехник:
- Ринодағы құрылыс жұмыстары әлі бірнеше жылға созылады. Бұл – бізге де үлкен мүмкіндік. Деректер орталығы 15 жылдан кейін қандай болатынын білмейміз. Бірақ оның болашағы зор деп ойлаймын. Осы мүмкіндікті қалт жібермеуіміз керек.
Жұмысшылар үшін бұл – тұрақты табыс пен сұранысқа ие мамандықты игеру мүмкіндігі. «Бүгінде цифрлық инфрақұрылымсыз экономиканың дамуы мүмкін емес», - дейді мамандар. Ал Лас-Вегаста бұл технология еңбек нарығында керісінше алаңдаушылық тудыруда. Мәселен, қонақүйлер мен казиноларда қызмет көрсету жүйесі автоматтандырылғандықтан жүргізушісіз көліктер мен роботтар біраз қызметкердің орнын басты.
Ларри Голдфингер, кәсіподақ мүшесі:
- Технология дамыған сайын жоғары білімсіз-ақ табыс табу мүмкіндігі азайып барады. Қазірдің өзінде жұмыс орындары қысқарып жатыр. Күн көріс те қиындайын деп тұр.
Технологиялық даму еңбек нарығына жаңа мүмкіндіктермен қатар өзгерістер де әкелуде. Сарапшылардың пікірінше, осы үдерісте жұмыс орындарын сақтап, жаңа кәсіптерді игеруге жол ашу арқылы қоғамның әлеуетін арттыру маңызды.
Авторы: Арайлым Жақсылыққызы