Оқушылар қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған платформа ойлап тапты
Ақтаулық оқушылар қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған цифрлық платформа ойлап тапты.
Жасанды зерде негізінде жұмыс істейтін жүйе бейнебақылау камералары арқылы қоғамдық орындардағы жағдайды талдап, адамдардың бет-жүзіндегі эмоциялық өзгерістерді анықтай алады. Тіпті адамның ашу немесе күйзеліс белгілерін байқай алады. Сонымен қатар жүйе топтасып төбелесу, бұзақылық секілді әрекеттерді анықтап, мекенжай мен дәлелдерді уәкілетті органдарға жедел жолдайды. «Ақылды платформаны адам көп жүретін нысандарда қолданған жөн. Алмағайып бұзақылық жасалса, жүйе дереу күзетшіге белгі береді» дейді жоба авторлары. Оқушылардың ендігі мұраты - ақылды жүйені қала көшелерінде қолданысқа енгізу.
Қазбек Қалиев, зертхана меңгерушісі:
- Зауытта болсын, өндірістік орындарда болсын оны орната беруге болады. Себебі бұл дайын жасақталған бағдарлама. Камерадан келеңсіз немесе түсініксіз жағдайларды алдын ала анықтап, хабарлама беріп отырады.