Түркі әлемі цифрлық кезеңге қадам басты
Түркістандағы саммит – түркі әлемінің ортақ тарихы мен цифрлы болашақтың тоғысқан ең қуатты дипломатиялық көрінісі.
Бұл алаң бауырлас елдердің жаһандық цифрлық экожүйеде бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады. Сарапшылар осындай пікірде.
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Астана қазір дипломатиялық келіссөздер алаңы ғана емес, тұтас түркі әлемі үшін стратегиялық диалог орталығына айналып отыр. Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бастамалар мен Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары ортақ мүдделерді тоғыстырып, жаңа геосаяси бағыттың қалыптасуына жол ашты. Ендігі назар Түркістанда өтетін бейресми саммитте. Түрік сарапшылары бұл басқосуды түркі бірлігін нығайтатын символдық әрі саяси маңызды қадам деп бағалап отыр.
Қазір тұтас түркі елдерінің назары Түркістандағы саммитте. Алқалы жиынға қызығушылықтың артуына Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанның мемлекеттік сапары да ерекше серпін берді. Түрік сарапшыларының пікірінше, Астанада өткен жоғары деңгейдегі кездесулер екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің тереңдегенін көрсетті. Сапар аясында қорғаныс, энергетика және жоғары технология бағыттарын қамтитын 67 тармақтан тұратын іс-қимыл жоспары қабылданып, сауда көлемін 15 млрд долларға жеткізу мақсаты қойылды. Сарапшылар мұны екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа деңгейге көтерілгенінің белгісі ретінде бағалайды.
Мерием Айбике Синан, сарапшы, әділет және даму партиясы түркі мемлекеттерімен байланыстар жөніндегі басқарма басшысының орынбасары:
- Кеше Президент Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға сапары бізге тарихи сәттің куәсі болу мүмкіндігін сыйлады. Астана аспанындағы әскери ұшақтардың айбыны, қазақ балаларының Ата жұртқа деген шынайы ықыласы, Орта дәліздің кибер қорғанысы және Түркістанда талқыланатын жасанды интеллектке қатысты ортақ көзқарас – бәрі бір ғана ақиқатты көрсетеді. Түркі әлемі енді тек тарих кітаптарындағы ортақ өткен шағымыздың символы болып қалмайды. Жаһандық цифрлы экожүйеде өз орнын қалыптастырған, кибер және стратегиялық ортақ ерікке негізделген жаңа кеңістікке айналады.
Жаһандану заманында технологиядан тысқары қалмау үшін әр мемлекет мүмкіндігінше қадам жасап жатыр. Енді бұл мәселенің түркі елдері деңгейінде талқылануы ерекше маңызға ие. Түрік сарапшылардың пікірінше, туыстас елдердің цифрлық дәуірге бейімделген технологиялық әлеуеті мол. Сондықтан бұл бағыттағы ынтымақтастық олардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, өз мәселесін жұмыла шешуіне мүмкіндік береді, дейді.
Абдуллах Гүндоду, тарихшы, профессор:
- Саммиттің дәл Түркістанда өтуі ерекше мәнге ие. Түркі мемлекеттері ұйымы тамыры тереңде жатқан, ал болашаққа нық қадам басқан алып бәйтерек секілді. Ал Түркістан тек Қазақстанның ғана емес, күллі түркі жұртының рухани астанасы. Сондықтан мұнда өтетін саммит бір жағынан ортақ тарих пен құндылықтарға мән берілетінін көрсетсе, екінші жағынан цифрландыру мен жасанды интеллект тақырыбы арқылы болашаққа бағытталған стратегиялық көзқарасты айқындайды. Бұл сыртқы тәуелділікті азайтып, түркі әлемінің болашаққа сенімді әрі қуатты қадам жасауына жол ашады.
Сарапшылардың айтуынша, Түркістандағы алқалы жиын түркі мемлекеттерінің болашақ технологиялық күн тәртібін айқындайтын алаңға айналып, түбі бір түркі елдерінің жаһандық бәсекедегі маңызын арттыруға ықпал етпек.
Ә.Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков