Каспийдің тазалығын жасанды интеллект бақылайды
Ақтаулық ғалымдар стартап жоба жасады. Шағын құрылғы су түбіне зәкірмен бекітілетін қалтқыға орнатылады.
Батареядан қуат алатын құрал автономды режимде жұмыс істейді. Судың температурасын, ластану мөлшерін онлайн түрде бақылап, радиобайланыс арқылы құрлыққа жолдайды. Су айдынындағы өзгерісті жедел тіркейтін цифрлық жобаның тиімділігін әріптесім зерделеп көрді.
Біздің теңізде 16 буй орналасқан. Температура, ластану деңгейі, мұнайдың таралу деңгейі және де тұздылығы, қышқылдылығы туралы ақпарат нақты уақытта келіп тұр.
Теңіз бетіндегі қалтқыларға «ақылды датчик» орнатылған. Жасанды интеллект әр 10 минут сайын түсетін мәліметтерді зерделеп, судың құрамындағы өзгерісті базаға тіркейды. Айдынға мұнай, өзге де зиянды зат төгілгенін байқаса, дереу дабыл қағып белгі береді.
Ескендір Қыдырбаев, Стартап жобаны үйлестіруші:
- Біз судың деңгейін білу үшін судың өзін алып, арнайы зертханада оның құрамын зерттеп, уақыт өткеннен кейін ғана айта аламыз осылай болды деп. Бұл контроллер бізге нақты уақытта судың деңгейінде не болып жатқанын көрсетеді. Соны көру арқылы біз проактивті іс-қимылдар жасай аламыз. Алдын алу шараларын. Оны болдырмауға болады.
Стаптап жобаны ІТ салада мол тәжірибе жиған екі ғалым ойлап тапты. Ескендір Қыдырбаев «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Ырысжан Сансызбай жергілікті университте оқиды. Жас өнертапқыш құрылғының зерделеу қабілетіне жауапты платаны зертханада өзі жасап шығарған.
Ырысжан Сансызбай, өнертапқыш:
- Бұл платаны өзіміз ойлап тапқан құрылғының «миы» деуге де болады. Қажетті тетіктерін дәнекерлеген соң код жазып, схеманың жадына құйдық. Құрылғыны ауылшаруашылығы, мұнай және газ өндіру саласында қолдануға болады. Мәселен, мұнай ұңғымасына орнатылса қоршаған ортаға зиянды зат таралуына алдын алуға мүмкіндік турады.
Ақтаулық ғалымдар ойлап тапқан құрылғы Каспий теңізінің биоәлемін қорғауға сеп болатыны анық. Соңғы жылдары жағалаудан өлі итбалықтардың табылуы жиілеп кетті. Теңіз сүтқоректісінен бөлек, бекіре тұқымдас балықтардың құрлыққа көптеп шығуы қоғамды алаңдатып отыр.
Данияр Әкімжанов, «Қазақ балық шаруашылығы және аква мәдениет» РҚ филиалының басшысы:
- Табылған жерлерден сынама аламыз да әрі қарай шықпаймыз. Жағажайдан алысқа шығып, бейтарап аймақта немесе бізге күнбатыста көрші мемлекеттің үлкен мұнай ұңғымалары тұр. Тегеран конвенциясында да, Каспий маңы елдері арасында ақпарат алмасуға келісім бар. Мүмкін келесі жағадан кеткен өрескел қателіктен біздің жағажайлар зардап шегіп жатқан шығар.
Айта кетсек, биыл көктемде Түпқараған ауданының аумағындағы жағалауда екі жүздей итбалықтың өлексесі табылды. Сол кезде «теңіз сүтқоректілері ашық теңізде қырылған, күшті жел құрлыққа шығарып тастаған деген» болжам айтылды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев