Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің кемелері Каспий теңізіне шықты

Фото: gov.kz

Қазақстанның Каспий теңізі секторында Әскери-теңіз күштерінің жоспарлы оқу-жаттығулары басталды, деп хабарлайды 24KZ Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, экипаждар Қазақстан секторына тиесілі теңіз айдынын толық жүріп өтіп, түрлі жағдайдағы іс-қимылдарды пысықтап, практикалық атыс жүргізеді.

Оқу-жаттығу үш кезеңнен тұрады. Әскери теңізшілер кемелер арасындағы өзара іс-қимылды, навигация мен байланысты, кемені басқаруды және қару-жарақты қолдануды пысықтайды. Жағалаудан едәуір қашықтықта орналасқан экипаждардың іс-қимылына ерекше назар аударылады.

Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының жауынгерлік даярлық жөніндегі орынбасары, 1-ші дәрежелі капитан Арман Сатқановтың айтуынша, оқу-жаттығу барысында экипаждардың практикалық дағдыларын одан әрі жетілдіруге басымдық беріледі.

Ең бастысы – әрбір экипаж мүшесі өз міндетін нақты білуі және қажетті сәтте жедел әрі үйлесімді әрекет етуі керек. Қазір теңізде осы дағдыны тексеріп жатырмыз, – деді ол.

Жаттығу барысында экипаждар кеме қару-жарағын қолданып, практикалық атыс жүргізеді және бірлескен іс-қимылдарды пысықтайды.

Кезеңдер өткен сайын тапсырмалар күрделене түседі. Оқу-жаттығуға қосымша бөлімшелер де тартылады.

Сондай-ақ оқыңыз: