Жасанды интеллект – жаһан дамуының мүмкіндігі

Бүгін Шанхай қаласында Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысты. 

Технология саласына түрен салған түрлі компания басшылары, ғылым мен бизнес бас қосқан жиында цифрлық трансформация басымдықтары мен технологиялық ынтымақтастық мәселесі қаралды. 

1700 шақырым. Бұл – қазақ пен қытайды біріктіретін ортақ шекара. Екі елдің қарым-қатынасы ғасырлардан тамыр тартады. Ұлы Жібек жолы – ежелгі Қытайдың Хуанхэ аңғарынан басталып, Орталық Азия арқылы Жерорта теңізіне дейін созылған халықаралық сауда бағыты. Қазақ даласы осы ұлы керуен жолының маңызды торабы болып, сауда-саттық, экономика және мәдениет алмасу орталығына айналды. Екі ел Ұлы жібек жолынан цифрландыруға дейінгі жолды бірге жүріп келеді.

Озық технология әлеуетін дамытып, нейрожелі инфрақұрылымын қалыптастырып отыр. Дүниежүзілік жасанды интелелкт конференциясы таптырмас алаң. 2019 жылы шымылдығын түрген конференцияға Илон Маск, Джек Ма сынды IT саласының алпауыттары қатысқан. Былтырғы жиынға әлем елдерінен 1500 сарапшы қатысты.

Құралай Жұмахан, тілші:

- Биылғы жиынға әлем елдерінен 40-тан астам компания келді. Бүгінгі әңгіме салмақты, салаға бөлінер қаржы қомақты. Тараптар алдымен дөңгелек үстелде бас қосып, жасанды интеллект мүмкіндіктерін талқылайды. Міне, технология мен инновацияның жілігін шағып, майын ішкен  мықтылар, жаһан бизнесінің серкелері ақырындап ішке кіріп жатыр.

ЖИ нарығы 2030 жылға қарай 2 трлн долларға дейін өседі. Сарапшылар алдағы 10 жылда нейрожелі технологияларын қолданудан келетін экономикалық тиімділік дүние жүзінде 7 трлн долларға жетуі мүмкін екенін айтады. Ендеше, бұл жолда әлем елдері бірлесе отырып, жасанды интеллектіні көмекші құрал деңгейінен шығарып, цифрлық өндірістің қатысушысына айналдыру керек. Бұл ретте алпауыт елмен ынтымақтастық орнату таптырмас мүмкіндік.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз Қазақстан-Қытай қарым-қатынасының жаңа «алтын отыз жылдығына» бірге қадам бастық. Елдеріміздің ықпалдастығы мүлде жаңа сапалық деңгейге шықты деп айтуға болады.

Иә, бұл құрғақ сөз емес. Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 миллиард доллар болып, рекордтық көрсеткішке жетті. Қытай Қазақстан экономикасына 30 млрд доллардан астам инвестиция салды. Қазір Қазақстанда қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Соның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқты ірі компанияларды атап өту қажет. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз. Өткен жылдары елдеріміз көптеген маңызды жобаны бірге табысты жүзеге асырды. Соның нәтижесінде жұмыс орындарын аштық, озық технологияларды енгіздік. Бүгін де жаңа стратегиялық жобаларды бірлесе іске асырып жатырмыз. Атап айтқанда, Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешені, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group компаниясымен заманауи мақта-тоқыма кластері құрылысын қолға алдық.

Сондай-ақ Қытайдың автокөлік кәсіпорындары Қазақстанда өндіріс орындарын аша бастады. Мысалы, елімізде HOWO, Yutong және JAC брендтері шығарылады. Былтыр Changan, Great Wall Motor, сондай-ақ Chery мультибрендті автомобиль өндірісі іске қосылды. Бұл жобалар біздің екіжақты әріптестігіміз инновацияға, озық технология мен өнеркәсіпті жаңғырту ісіне негізделіп отырғанын көрсетсе керек.

Бекнұр Несіпбаев, Астана моторс бас директоры:

- Шанхай қаласында 2 келісімшартқа қол қойдық. Cherry компаниясының қарамағына кіретін Амода автокөліктерін Алматыда салынған Қазақстан зауытында құрастыру. Ол құрастыруды біз тамыз айында бастаймыз. Автокөліктер өте замануи.

Янь Бин, «Goldcard Smart Group» директорлар кеңесінің төрағасы:

- Біз инновациялық газ есептеуіш құралдарын шығаратын әлемдегі жетекші компаниямыз. Смарт құралдарды 50 мыңнан астам елге экспорттаймыз. Қазақстанда «Самрұқ Қазынамен» бірлесе отырып, Алматыда зауыт аштық. Қазақстан инвестиция салуға қолайлы ел, барлық жағдай жасалған. Бүгінгі кездесуде ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне қолжеткіземіз деген ойдамын.

Дөңгелек үстелдегі кездесуде Президент Қазақстан Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистика хабы болуы тиісекенін алға тартты. Қазір еліміздің аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Қытай мен Еуропа арасындағы теміржол тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Бүгінде жаңа теміржол желілері тартылып, Транскаспий көлік бағыты, яғни Орта дәліз арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру қарастырылып отыр. Сондай-ақ жүк тасымалына арналған бірыңғай цифрлық экожүйенің негізі қаланып жатыр. Саладағы басты жоба – Smart Cargo платформасы. Бұл – кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтерді бір цифрлық ортаға біріктіретін бірыңғай цифрлық терезе.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық Қазына» АҚ Басқарма Төрағасы:

- Мемлекет басшысының Қытайға, Шанхай қаласына жасаған сапары барысында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобы жалпы құны 4,3 млрд долларды құрайтын келісімдерге қол қойды. Оның ішінде «Huawei» компаниясымен жасалған келісім де бар. Сондай-ақ көлік және логистика саласында CCCC компаниясымен кездестік. Оның еншілес компаниясы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның еншілес компаниясымен бірлесіп Бақты – Аягөз теміржолын салып жатыр.

Құралай Жұмахан, тілші:

- Дөңгелек үстел соңында еліміз Хуавей, Джили, Фридом сынды әлемдік алпауыттармен бірлесе отырып жоба жасауға уағдаласты. Осылайша, құны 15 млрд доллардан асатын 80-ге жуық келісімге қол жеткізілді. 

Авторлары: Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков, Досхан Қораз