Phygital Basketball: Аstana PBC ширек финалға шықты
Фиджитал баскетболдан Astana PBC командасы ширек финалға жолдама алды.
Қазақстандық спортшылар Испанияның Валенсиа Баскет тобын 34:31 есебімен ұтты. Алдымен кибер кеңістікте бәсекеге түскен отандастарымыз қарсыластан мейлінше қалыспауға тырысты. Ойынның диджитал кезеңінде Валенсиа Баскет 20, ал Astana PBC 17 ұпай еншіледі. Дегенмен нағыз алаңдағы 7 минуттық ойында баскетболшы жігіттер барын салып, үш ұпаймен алға шығып кетті. Astana PBC испандық топпен алғаш сынға түсіп отырған жоқ. Былтыр Дубайда дәл осы командамен үшінші орынға таласқан еді. Сол кезде отандастарымыздың бағы жанып, қола жүлдені иеленген болатын.
Роберт Пан, Astana PBC ойыншысы:
– Ең қиыны – компьютерде ойнау болды. Өйткені қарсылас команданың киберспортшысы мықты екенін жақсы білеміз. Сондықтан киберойында барынша ұтылмауға, мүмкін болса жеңіске жетуге тырыстық. Ал нағыз баскетбол алаңында біз барымызды салып ойнадық.