Боксшылар сыйақысы әлі берілмеді
Елена Рыбакина ширек финалда. Канаданың Торонто қаласында теннистен WTA 1000 санатындағы турнир жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні қазақстандық теннисші ресейлік Людмила Самсоновамен кездесіп, 6:4, 4:6, 6:4 есебімен жеңді.
Көшпенділер ойындарына дайындық
Күмәнсіз жеңіске жетуіміз керек. Қазақстан Көкпар федерациясының президенті Айдарбек Қожаназаров ұлттық құрамамен кездесіп, осындай сөздермен жігер берді. Көшпенділер ойындарына қатысатын жігіттер қазір Алматы облысында дайындықты пысықтап жатыр. Оған Айдарбек Қожаназаров арнайы барып, барысын бақылады. Кейін баспасөз мәслихатын өткізіп, алдағы айтулы жарысқа қатысты жоспарлар мен мақсаттарды нақтылады. Мемлекет тарапынан, оның ішінде, министрлік, орталық және федерация тарапынан барлық қолдау жасалатынын жеткізді.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өзі биыл көрші қырғыз елінде болады. Жарыс 31 тамызда басталып, 6 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал көкпар бойынша бәсекелер 2-5 қыркүйек аралығында өтеді.
Жас таланттардың әлемдік олимпиадасы
Павел Дуров қазақ балаларына сыйақы береді. Жуырда ғана Астанада жасанды интеллект бойынша әлемдік олимпиада өтті. Оған 105 елден 500-ге жуық қатысушы жиналды. Олар бір апта бойы жекелей және командалық сындарда өзара мықтыны анықтаған болатын. Ел намысын қорғаған жігіттер 2 алтын, 2 күміс, 4 қола жеңіп алды.
Ал алматылық Даужан Бекетов абсолютті чемпиондар арасында алдыңғы үштікке кіріп, тарихи нәтиже тіркеді. Яғни 500 қатысушы арасында екінші орынға тұрақтады. Осы тұрғыда телеграмм әлеуметтік желісінің негізін қалаушы Павел Дуров олимпиадада жүлдеге іліккендерге өз атынан сыйақы беретінін мәлімдеді.
Нақтырақ айтқанда, алтын алғандарға 1000 доллардан, ал күміс пен қолаға, сәйкесінше, 500 және 300 доллардан таратпақ.
Боксшылар сыйақысы әлі берілмеді
Былтыр желтоқсан айында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында IBA ұйымының бастамасымен Әлем чемпионаты ұйымдастырылған еді. Бұл жарыста қазақ жігіттері 3 алтын, 1 күміс және 2 қола жеңіп алып, жалпы командалық есепте Ресейден кейін екінші орынға тұрақтады. Жоғарыда айтқан, халықаралық бокс қауымдастығының президенті Умар Кремлев сол кезде алтын жүлдеге 300 мың доллар, күміс жүлдеге 150 мың доллар, қола жүлдеге 75 мың доллардан, тіпті ширек финалға шыққандардың өзіне 10 мың доллардан берілетінін мәлімдеген.
Әлем чемпионатының жалпы жүлде қоры 8,3 миллион долларды құрады. Өкінішке қарай, арада сегіз ай уақыт өтсе де, жарыс жүлдегерлері сыйақыларын ала алмай отыр. Ал Әлем чемпионатын ұйымдастырған қауымдастық және уәде берген оның басшысы ешқандай ресми мәлімдеме жасамады.
Айта кетейік, Дубайдағы дүниежүзілік додада чемпионатында Сәкен Бибосынов, Абылайхан Жүсіпов және Оразқұл Асылқұлов алтын медаль жеңіп алды. Сабыржан Аққалықов күміс иеленсе, Теміртас Жүсіпов пен Ертуған Зейнуллинов қолаға қол созды.