ЖИ додасы ұлттық суперкомпьютерге қосылды

Астанада жасанды интеллект бойынша өтіп жатқан ІІІ халықаралық олимпиада қыза түсті. 106 елден келген жас өрендер жарыс тапсырмаларын Alem.Cloud ұлттық суперкомпьютерінің есептеу платформасында орындап жатыр.

Жас зияткерлер мұнда жасанды интеллект модельдерін әзірлейді. Алгоритмдер құрастырады. Сосын өз шешімдерін жоғары өнімді есептеу құрылғысында сынақтан өткізеді. Осылайша, озық ойлы оқушылар заманауи AI жобаларда қолданылатын есептеу жүйесінің жұмысын көреді. Жоғары өнімді цифрлық инфрақұрылымды көзбен көріп қана қоймайды, ұлттық суперкомпьютермен жұмыс істейді.

Салех Махамат Иссака, Чад командасының бапкері:

- Қазақстанға алғаш келдік. Қаланың көрікті орындарын аралап, мешітке, әдемі ғимараттарға бардық. Жергілікті халықтың қонақжайлығына тәнті болдық. Осындай ауқымды халықаралық жарысты өткізген Қазақстанға алғыс білдіреміз.

Али Фадоноугбо Хадже Халиме, Чад командасының мүшесі:

- Халықаралық олимпиадада Чадтың атынан өнер көрсету - біз үшін үлкен мәртебе. Осындай ауқымды білім додасына қатысуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Қазақстанда бізді жылы қарсы алды. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін!

Білім додасы 8 тамызға дейін жалғасады. Қатысушылар жеке және командалық кезеңдерде бақ сынайды. Бұдан бөлек, оқушылар мәдени және танымдық іс-шараларға қатысып, халықаралық технологиялық қауымдастық өкілдерімен кездеседі.

Попеску Алин, Молдова командасының мүшесі:

- Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданың ұйымдастырылу деңгейі жоғары. Мұнда қызықты іс-шаралар өтіп жатыр. Астана маған ұнады. Қала заманауи сәулетімен, әсем ғимараттарымен ерекшеленеді. Ал, жарыста қай құраманың ең мықты екенін дәл қазір айту қиын. Бәрінің дайындығы жақсы.

Тунар Ахмадзада, Әзербайжан командасының мүшесі:

- Қазақстанда өзімізді үйдегідей сезініп жүрміз. Мұнда бізге барлық қолайлы жағдай жасалған. Командалық кезеңнің форматы алғашқы кезеңнен ерекшеленеді. Ал жеке байқауда мен үшін үшінші тапсырма күрделі болды. Сайыс тартысты өтіп жатыр. Әсіресе Қытай мен Жапония құрамаларын мықты қарсылас деп айта аламын.