СҚО-да ауыл мұғалімі домбыраны цифрландырды
Солтүстік Қазақстан облысында ауыл мұғалімі домбыраны цифрландырды. Берік Аманжол аспаптың пернелеріне жарық диодты шамдар орнатқан.
Кез-келген әуенді қиындықсыз ойнай бересіз-дейді өнертапқыш. Тіпті нота білмейтін адамдар да домбыра шерте алады.
Ауыл мұғалімі Берік Аманжол қазақтың дәстүрлі домбырасын заманауи технологиямен түрлендірді. Оның қолындағы ұлттық аспап жарық диодты шамдармен цифрландырылған. Енді оның пернелері әуен ырғағына қарай жанып сөнеді.
Берік Аманжол, өнертапқыш:
- Толығымен ішінде микроконтроллер орналасқан. Ол микроконтроллер осы домбыраның миы деп айтуға болады. Сонымен қатар мына жерде бізде динамик, мұнда қосу батырмасымен пульт басқаруы бар. Бұл домбыра бізде сөйлейді.
Әзірге бағдарламаға «Көзімнің қарасы» әні, Қазақстанның мемлекеттік әнұраны мен күйлер енгізген. «Цифрландырылған домбырада музыкадан хабары жоқ адам да ойнай алады», - дейді өнертапқыш. Қазір оған басқа этнос өкілдері де қызығушылық танытып отыр.
Екатерина Сербина, оқушы:
- Заманауи Дина домбыраның арқасында бұл аспапқа шабытым пайда болды. Қазір мен «Көзімнің қарасы» әуенін үйреніп жүрмін. Дина әжеміздей домбырашы болсам деген арманым бар. Осы аспаптың арқасында арманыма жетемін деп ойлаймын.
Енді Берік Аманжол қазақтың ұлттық аспабына жасанды интеллект технологияларын енгізбек. Ақылды жүйе домбыра туралы толық ақпарат беріп, тапсырмаларды орындайды.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков