Ұрланған және заңсыз телефондармен күрес үшін жаңа база құрылады
Қазақстанда мобильді құрылғыларды тіркеу ережелері өзгертіліп, «ақ», «сұр» және «қара» тізімдері бар идентификациялық кодтар базасы құрылады. Жаңа түзетулер ұрланған, қолдан жасалған кодтары бар немесе заңсыз әкелінген телефондармен күресуге және нарықтың ашықтығын арттыруға бағытталған, деп хабарлайды «24KZ».
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мобильді құрылғылардың айналымы ережелеріне өзгерістер дайындады. Құжатта верификация, тіркеу және қайта тіркеу рәсімдерін бөлек көрсету қарастырылған.
Басты жаңалықтардың бірі – ұялы телефондардың идентификациялық кодтарының базасын құру. Ол үш санатқа бөлінеді:
-
Ақ тізім – заңды түрде әкелініп, тексеруден өткен құрылғылар.
-
Сұр тізім – қосымша тексеруді қажет ететін гаджеттер.
-
Қара тізім – кодтары өзгертілген, ұрланған, заңсыз әкелінген немесе сот шешімімен шектелген құрылғылар.
Жүйе телефондардың өндірілген сәтінен бастап жойылуына немесе блокталғанына дейінгі өмірлік циклін бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өтініш берушілерді биометриялық сәйкестендіруден өткізу көзделген.
Түзетулер аясында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен тергеу изоляторларында пайдаланылатын құрылғылардың байланыс қызметтерін тоқтата тұрудың бөлек тәртібі де енгізілмек. Бұл шаралар алаяқтық тәуекелдерін азайтып, азаматтардың құқығын қорғауға бағытталған.