Ауыл мектептерінде жасанды интеллект қолдану жобасы басталды
Бүгін, 1 қыркүйекте Қазақстандағы ауылдық шағын жинақты мектептердің білім беру процесіне жасанды интеллектті қолдану бойынша пилоттық жоба іске қосылды., деп хабарлайды «24KZ». Бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың орта білім беру жүйесіне ЖИ енгізу жөніндегі Жарлығын жүзеге асыру аясында қолға алынды.
Жобаға алғашқы болып Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 мектеп қатысуда. Алғашқы сабақты Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің міндетін атқарушы Жаслан Мәдиев ашты.
Сабақтарды Астананың жетекші педагогтері «Өрлеу» орталығының арнайы студиясынан тікелей эфирде жүргізеді. Ауыл оқушылары платформаға қосылып, жергілікті мұғалімдердің көмегімен онлайн және офлайн форматты ұштастыра оқиды.
Ұлттық білім беру жасанды интеллект платформасы қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайтуға бағытталған. Жобаны әзірлеуде әлемдік сарапшы Кай-Фу Лидің ұсынымдары ескерілді.
Тамыз айы аяғында Астанада педагогтерге арналған арнайы ALFA Kazakhstan Teacher Training Camp тренингі өтіп, ұстаздар ЖИ платформасымен жұмыс істеу дағдыларын меңгерді.
Жоба Оқу-ағарту министрлігі, Q.AI және 01.AI компанияларының бірлесуімен жүзеге асуда. Сынақ кезеңінің қорытындысы бойынша платформа жетілдіріліп, алдағы уақытта еліміздің басқа да өңірлеріне таратылатын болады.