IT білім: ЖИ бағдарламаларын тегін үйрететін мектеп

Астанада жаңа форматта жұмыс істейтін IT мектепке қызығушылық артып келеді. Білім ордасында дәстүрлі сабақ пен дәрістің орнына студенттер бір-бірінен үйреніп, нақты жобалар әзірлейді, деп хабарлайды 24KZ.

18 айға созылатын бағдарламаға салада тәжірибесі жоқ адамдар да қатыса алады. Қазір жоба елдің 14 өңірінде іске асып жатыр. Оқуды аяқтаған түлектердің арасында екі қолға бір күрек тауып, өз стартаптарын ашқандар да бар.

Дариға Ташенова, тілші:

– Бағдарламаға түсу үшін әр үміткер 2 іріктеу кезеңінен өтуі тиіс. Біріншісінде олардың когнитивті ойлау қабілеттері тексерілсе, екінші кезеңде олар өз бетімен практикалық тапсырмаларды орындап шығады. Айта кетерлігі, жоба қатысушыларының санына немесе жас ерекшелігіне ешқандай шектеу қойылмайды.

Бұл сыннан сүрінбей өтіп шыққандардың бірі – Лейла Өтеәлиева. Бұрын ол зертханада жұмыс істеген. Алайда IT саласына қызығушылығы басым болғандықтан, мамандығын ауыстырамын деп шешті. Сол мақсатпен Атыраудан Астанаға келді. Әлеуметтік желілерден тегін IT-бағдарлама жайында біліп, өтініш жібереді. Болашақта Лейла деректер талдаушысы болуды көздеп отыр.

Лейла Өтеулиева, бағдарлама қатысушысы:

– Өзіме Tomorrow School ұнайды, себебі бір жарым жыл оқып келе жатырмын. Басында қиын болғанымен, дегенмен түсінуге болады. Әрине, бізде қазір де кейбір кезде қиыншылықтар пайда болып жатады. Түсуге келгенде, мен IT саласына бардым. Дегенмен қай жұмысты таңдау керегін білмедім. Себебі ол жұмыстың не екенін, қалай орындалатынын да түсінбедім. Мұнда келіп, әртүрлі мамандармен сөйлескеннен кейін, өзіме бизнес-аналитика немесе дата-аналитика деген бағыттар үйлесетінін және олар маған қызықты екенін түсіндім.

Қазір Лейла жылжымайтын мүлік нарығына қатысты деректерді талдап, үй бағасын болжайтын бағдарлама әзірлеп жатыр. Мұнда студенттер теорияны жаттап қана қоймай, оны іс жүзінде пайдалануды үйренеді. Қиналған жағдайда басқа қатысушылардан немесе менторлардан көмек сұрауға болады.

Ерасыл Сапарбеков, ментор:

– Мектебіміздің негізгі артықшылықтарына келетін болсақ, бұл – peer-to-peer оқыту. Бізде дәстүрлі білім беруші мұғалім, тәлім беруші және дәріс дегені жоқ. Бізде студенттер өзара білім алмасады, өздігінен оқиды. Оқу толығымен тегін, яғни біздің негізгі мақсатымыз – сапалы және қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру. Соның орайында жасанды интеллект саласындағы мамандардың санын арттыру. Біздің мектептің кампусы жиырма төрт сағат бойы, аптасына жеті күн бойы ашық. Студенттер өздерінің оқуына немесе жұмыстан кейін кез келген уақытта келіп, білім ала алады.

Мұнда екі жылда 40-қа жуық студент оқуын аяқтады. Олардың басым бөлігі IT-компанияларда тағылымдамадан өтті. Арасында өз стартаптарын іске қосқандар да бар. Қазір жоба Қазақстанның 14 өңірінде жүзеге асып жатыр. Алдағы уақытта оны халықаралық деңгейде дамыту көзделген. Мектеп өкілдері шетелдік университеттермен әріптестік орнату бағытында келіссөз бастады.

Авторлары: Дариға Ташенова, Артур Горшняков, Дмитрий Дмитриев

Сондай-ақ оқыңыз: