Қазақстандықтар ЖИ дағдыларын меңгеріп жатыр

Уолт Дисней бір толықметражды мультфильм жасау үшін бұрын 3-5 жыл уақыт кететін. Жобаға бір мезетте жеті жүздей адам қатысатын. Қазір жасанды интеллект дәуірінде студия мен үлкен команданың болуы шарт емес. Интернет қолжетімді болса, ЖИ арқылы бірнеше күнде кез келген анимациялық туынды шығаруға болады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл мультфильм нейронжелілердің көмегімен екі айда жасалды. Авторы Ольга Омарова – экономист, декреттегі ана. Жарты жыл бұрын ол қысқаметражды фильм жасау жайлы тіпті ойламаған. Алайда «Aqyl Tech» жобасымен жасанды интеллект дағдыларын меңгеріп, қазір оны табыс көзіне айналдырды.

Ольга Омарова, мультипликатор:

– Интернетте TechnoWomen жобасы оқыту жүргізіп жатқаны туралы хабарландыру көрдім. Онда қаржылық сауаттылық, киберқауіпсіздік, чат-бот жасаушы және AI-креатор сынды түрлі курс бар еді. Мен жасанды интеллект, автоматизация және чат-боттарды тестілеуге дейін, барлық 11 курсты бітірдім. Әр оқудан өзіме жаңа нәрсе меңгердім. Қазір түрлі стиль мен бағытты көріп жүрмін. Маған бәрі қызық.

Қазір отыз үш мың қазақстандық «IT Aiel» және «Aqyl Tech» жобалары бойынша тегін оқып шықты. Қатысушылар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын меңгеріп, қаржылық сауаттылығын арттырды және ЖИ-ді бизнесте қолдануды үйренді.

Гүлнар Ахметова, «TechnoWomen» атқарушы директоры:

– Техникалық мамандықтарда, әсіресе IT саласында көбіне ерлер жұмыс істейді деген түсінік қалыптасқан. Бірақ қазір бәрі өзгерді. TechnoWomen тұжырымдамасы жаңа мамандықтарды әйелдердің көбірек меңгеруіне жағдай жасайды. Өйткені әйелдер көп салада еңбек етеді, оларға технологияларды түсіну қажет. «IT Aiel» және «Aqyl Tech» жобаларына келушілердің қай саладан екені маңызды емес. Тіпті жоғары білімі де, орта кәсіптік білімі де жоқ, жұмыссыз азаматтар оқи алады. Қатысушылардың қай өңірде тұратынына да қарамаймыз. Ең бастысы, ниет болса болғаны.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бағдарлама қатысушыларының 80%-дан астамы – қала тұрғындары. Сондықтан 2027 жылы басталатын келесі бағдарламаға ауыл тұрғындарын көптеп тарту көзделген. Ал кейбір оқу курстары қазірдің өзінде enbek.kz порталында қолжетімді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Галина Ахметова, Мейрам Жүнісов

Сондай-ақ оқыңыз: