ТМҰ саммитінде цифрлық инновациялар орталығын құру ұсынылды
Ұйымға мүше елдер 2040 жылға дейінгі Түркі әлемінің даму бағдарын толық іске асыруға баса мән беруі керек.
Баяндамасын осылай жалғастырған Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі саммит аталмыш жоспарды нақты шаралармен толықтыруға тиіс екеніне тоқталды. Президент Түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктерін барынша пайдалануға шақырды. Қор қаржыландыратын жобалар тізімін жасаудың маңызын айтып, Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының әлеуетін бағамдады. Келесі жылы бұл палатаға Қазақстан төраға болады. Осы ретте еліміз Өнеркәсіптік кооперация бағдарламасын қабылдауды ұсынбақ. Экономика тақырыбына тоқталған мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы серіктестікті жаңа деңгейге көтеруді басты міндет деп атады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Транскаспий халықаралық көлік бағдары Еуразиядағы жол торабының стратегиялық бөлігіне айналды. Соңғы 5 жылда Орта дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 6 есе өсті. Жақында Ұйымға мүше мемлекеттердің көлік министрлері Алматыда бас қосты. Тараптар кездесуде осы жол бағдарына қатысты бірқатар келісімге қол жеткізді. Бұл ретте біз түркі мемлекеттерін Орта дәліз бойындағы әуе хабтары, теміржол бекеттері және теңіз порттары инфрақұрылымын жаңғыртуға белсене атсалысуға шақырамыз.
Жоғары технологиялар айналасындағы ұсыныс мұнымен шектелмеді. Қасым-Жомарт Тоқаев ұйымының Цифрлық инновациялар орталығын құруды ұсынды. Бұл орталық стартаптарды қолдап, бірлескен жобаларды дамытуға жол ашады. Жасанды интеллект саласында тәжірибе алмасуға және венчурлік капитал тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жаңа технологиялардан туындайтын тәуекелдер мен сын-қатерлердің алдын алуға көмектеседі. Келесі жылы Қазақстанда Ұйымның бейресми саммиті өтеді. Осы ретті Президент жиын тақырыбын «Жасанды интеллект және цифрлық даму» деп атауды ұсынды. Айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымы 12-саммитінің қорытындысы бойынша Габала декларациясына қол қойылды.