Қазақстанның Халық кеңесін құру ұсынылды
Жаңа Парламент Құрылтай деп аталуы мүмкін.
Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Президент осындай ұсыныс жасады. Оған қоса вице-Президент тағайындаудың уақыты келгенін айтып, конституциялық реформа жөнінде пікір білдірді. Елді алда ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Билік құрылымы қалай түрленеді? Ата заңда не өзгереді?
Қызылорда. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған шежірелі өңірде ұлт үшін талай тағдыршешті шешім қабылданды. Халқымызға қазақ атауы осы топырақта қайтарылып, бір ғасыр бұрын Ақмешіт тұңғыш Астана болды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы кірпіші сол кезде қаланған еді. Ал бұл жолғы басқосуда...
Бекзат Аманов, тілші:
- Қазақстан саяси жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ауқымды бастамадағы алғашқы адымды Ақорда Ақмешіттен бастап отыр. Мұның астарында тарихи мән бар сияқты. Дәл осы жерде, мына мінберде биліктің жаңғырған формасы ұсынылды. Араға ғасыр салып, Сыр елінде тағы да серпілістің алғашқы кірпіші қаланып отыр.
Маңызды өзгерістің бірі бір палаталы Парламент. Ұлттық құрылтай отырысында Президент реформаға қатысты ұсыныстарды айтып, өз ойын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құрылымға Құрылтай деп атауды ұсынды. Ондағы мандат саны 145 болуы мүмкін. Бұған дейін қоғам өкілдері депутаттар бұл санды 500-ге жеткізуді сұраған екен. Бірақ мемлекет басшысы саннан гөрі сапа маңызды дейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Парламентте нағыз отаншыл азаматтар – білікті мамандар отыруы тиіс! Жұмыс тобы азаматтардың ұсыныстарын мұқият зерделеп, қызу талқылады. Ақыр соңында Парламенттің мандат саны 145 болуы керек деген байламға келді. Жаңа Парламентте Төрағаның үш орынбасары болуы мүмкін. Ал комитет саны 8-ден аспауы керек.
Бұл өзгеріс қазіргі депутаттардың да көңілінен шыққан сыңайлы. Мұрат Әбеновтың айтуынша, жаңа Парламенттің жауапкершілігі де, құзыреті де кеңейеді. Сондай-ақ аз уақытта сапалы заң шығаруға жол ашады.
Мұрат Әбенов, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Қазір біз екі палатамыз. Заң шығарамыз. Мәжілісте көп талқыланады. Келесі палатаға барады, ешкім білмейді. Бізге өзгеріспен қайтып келеді. Неге олай? Уақыт созылады бір екі айға. Адам күтеді, көлінен шықпай қалады.
Депутаттар пропорционалды жүйе қағидатымен сайланады. Мұндай тәсіл саяси партиялардың институционалдық рөлін күшейтеді. Талқылау кезінде Президент квотасын қалдыру керек деген ұсыныс айтылыпты. Бірақ Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Парламент ешкімнің қадағалауына мұқтаж емес екеніне сенімдімін деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Депутаттардың ішінде арнайы тағайындалған «таңдаулы тұлғалар» болмауы керек. Олар бәріне бірдей, ортақ тәртіппен сайлануға тиіс. Соған сәйкес Қазақстан халқы ассамблеясының арнайы квотасы да алынып тасталады.
Қазақстанның Халық кеңесін құру ұсынылды
Қазақстанның Халық Кеңесі құрылуы мүмкін. Онда барлық этностар, халықтың түрлі топтары мен өңірлер өкілдікке ие болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Кеңес құрамын 126 адамнан құрау ұсынылды. Этномәдени бірлестіктер, ірі қоғамдық бірлестіктерден және мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестер 42 адамнан ұсынады. Халық Кеңесінің барлық мүшелерін Президент тағайындайды. Ал төрағаны оның мүшелері сайлайды.
Елде вице-президентті тағайындау ұсынылдыШУМ
Президент мемлекеттік кеңесшіге қарата айтқан бұл әзілінің астары мол. Елде жаңа лауазымды қызмет пайда болуы ықтимал. Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент тағайындаудың уақыты келді деп, оны Конституцияда бекіту бастамасын көтерді. Вице-президентті Президент Парламенттің келісімімен, қарапайым көпшілік дауыспен тағайындайды. Оның өкілеттіктер аясын Мемлекет басшысы өзі айқындайды делінеді ұсыныста.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Вице-президент Президенттің тапсырмасы бойынша халықаралық форумдарда және шетел мемлекеттерінің делегацияларымен жүргізілетін келіссөздерде Қазақстан Республикасының мүддесін қорғайды. Парламентте Президенттің мүддесін қорғайды. Отандық және шетелдік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды. Президенттің өзге де тапсырмаларын орындайды.
Депутат Ермұрат Бапидың айтуынша, вице-президент мемлекет басшысы қызметінің тиімділігін арттырады.
Ермұрат Бапи, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Президенттік билікті нығайтудың бір амалы деп ойлаймын. Себебі Президенттік билік вице президент тағайынаумен екіге бөлініп кетпейді. Менің ойымша, вице президент Қазақстандағы билік иерархиясындағы екінші адам болады. Сондықтан бұл әрине қажет.
Ата заңға өзгеріс енгізу ұсынылды
Алда ауқымды өзгерістер күтіп тұр. Мемлекет басшысы Конституциямызда жекелеген қателер анықталғанын жеткізді. Терминологиялық, стильдік кемшіліктерге жол беріліпті. Конституциялық реформа аясында осы олқылық түзетіледі. Бұл жұмысқа заңгерлермен қатар, білікті тіл мамандары шақырылады. Кәсіби заңгерлер Ата заңның кейбір тұстарын нақтылау керек депті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ата заңның преамбуласын ұлттық құндылықтарымызды айшықтап, қанша заман өтсе де, өзекті болып қала беретіндей етіп қайта жазуымыз керек. Онда қазақ жеріндегі өркениет пен мемлекеттіліктің тарихы терең екені нақты көрініс табуға тиіс. Сол арқылы біз Қазақстанның Ұлы даладағы ұлы мемлекеттердің мұрагері екенін паш етуіміз керек.
Ата заңда Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін әйгілейтін нормаларға басымдық беріледі. Цифрландыру үрдісінің институционалдық-құқықтық негізі нақтыланады. Мемлекет басшысының туыстарына жоғары лауазымда отыруға тыйым салынады. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастама халықтың қолдауына ие болса, Қазақстанның мемлекеттік құрылысының жаңа кезеңі басталады деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Кешенді өзгерістер биліктің барлық тармақтарын қамтиды. Сот, заң шығарушы органдар мен атқарушы, орталық және өңірлік деңгейлердегі билікке әсер етеді. Елеулі өзгерістер президенттік институтта да болады. Реформалардың барлығы мемлекеттік мүдделер мен халықтың әл-ауқатын сөзсіз басымдық ретінде негізге ала отырып, менің тарапымнан жан-жақты ойластырылды.
Бұл реформалар жаңа конституциялық үлгіге көшіреді. Мысалы, 2022 жылғы реформада Ата заңның 33 бабы жаңарғанын. Бұл 40-қа жуық бапты өзгерту жоспарланыпты. Алайда жұмыс барысында түзетулер саны әлдеқайда көп екені белгілі болған. Қасым-Жомарт Тоқаев мұны жаңа Конституция қабылдаумен пара-пар қадам деп бағалады. Сондықтан Конституциялық комиссия құрылып, оның құрамына 100-ден астам азамат кіру ұсынылды.
Еділ Жаңбыршин, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Жаңа конституцияның редакциясы күтіп тұр деп айтуға болады. Ол жерде де көптеген өзгерістер болуы мүмкін. Тек Парламентке қатысты емес, мына Үкіметке де қатысты, Президент Әкімшілігіне қатысты.
Салық кодексі өзгеруі мүмкін. Сөз арасында Президент сындарлы ұсыныстарды мұқият зерделеп, қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізу қажет деді. Осылайша, бес отырыстан кейін ұлттық құрылтайдың нүктесі қойылды.
Бекзат Аманов