Қазақстан Пәкістанмен оңтайлы қатынас орнатады

Пәкістанмен оңтайлы қатынас орнатылады.

Осылайша Орталық Азия мен Оңтүстік Азия арасы жақындай түспек. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақты нығайтуға күш салынады. Себебі екі елдің алыс-берісі шынайы әлеуетіне сай келмейтінін сарапшылар жиі айтып жүр. Бұған басты кедергі құрлық және әуе арқылы байланыстың жоқтығы. Бірақ балама жолдарды жаңғыртуға болады. Жалғыз мысал: еліміз Пәкістан порттарын Араб теңізі арқылы Африка елдеріне шығу тетігі ретінде қарастырады. 

Қазақстан мен Пәкістан жолы түйіспесе де, жоспары үйлесетін елдер. Шекарасы шектеспейді десекте шаруасы ортақ. Тараптар Ауғанстандағы тұрақтылыққа талпынады. Себебі бұл өзара тығыз байланыс орнатудың басты мәселесі. Одан басқа Орталық Азияда біздің, ал Оңтүстік Азияда оның орыны бөлек. Санасады. Географиялық жағынан жырақ орналассақ та Шанхай және Ислам ынтымақтастық ұйымдары ұйыстырып отыр. 

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

- Қазіргі таңдағы мүдделердің бірі Еуразиялық аймақтағы тыныштықты сақтау. Еуразия өте ірі құрлық болғандықтан барлық көрші мемлекеттер үшін маңызды. Сондықтан меніңше басты мүдде – аймақтағы қауіпсіздікті сақтау және әлбетте экономикалық қарым-қатынасты нығайту. Қаржы нарығы жағынан да Пәкістан көмекке мұқтаж мемлекеттердің бірі болып отыр. Сол себепті экономикалық тұрғыдан даму үшін нарықтарды әртараптандыру, байланысты әртараптандыру мемлекеттер үшін маңызды. 

Былтыр арадағы тауар айналымы 101 млн доллардан асқан. Өткен жылғыдан 2 есе өсім бар. Бірақ тасымал әр жылы әр қилы. Өйткені тауар өзге елдер арқылы жеткізіледі. Салдарынан қайта экспорттау қымбатқа түседі. 

Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:

- Ең басты талқыланған мәселенің бірі екі мемлекет арасындағы логистикалық жолдардың күрделі болуы. Қазіргі кезде фрагменталды түрде дамып жатқан логистика боп тұр. Тікелей екі мемлекеттік байланыстыратын бірізді маршрут жоқ. Бірақ, экономикалық қарым-қатынасты, сауда байланысын нығайту үшін, әрі қарай дамыту үшін басты кедергі болып тұр. Егер логистика шешілсе, Пәкістан әлем нарығына, Үнді мұхит арқылы теңіз жолдарына шығуға мүмкіндік берері сөзсіз. 

Рас, Пәкістан Ауғанстан, Иран, Қытай және Үндістанмен шектеседі. Қай-қайсысы да үлкен нарық. Тіке сүрлеу саламасақ та, транзит арқылы көп іс тындыруға болады.

Жанат Момынқұлов, саясаттанушы, халықаралық сарапшы:

- Қазақстан – Түркіменстан арқылы Торғынды елдімекенінен Ауғанстанның Герат, Кандагар секілді, Пәкістанның Чаман елдімекендеріне теміржолмен жүк тасуды жеткізетін жолдың салынуы үлкен жоба болар еді. Осы туралы келіссөз жүріп жатыр. Келісімге қол қойған жағдайда меморандум болады деп күтіп отырмыз. Бұл жобаға Ауғанстан да, БАӘ де серіктес ретінде қатысады. Бұл жобаның Орталық Азия үшін, Қазақстан үшін маңызы оқшауда жатқан Орталық Азияны Еуразияның маңызды көлік логистикалық нүктелерінің біріне айналдыруы мүмкін. Үнді мұхиты, Араб теңізі, Таяу Шығыс, ASEAN, Оңтүстік Азия млрдтаған нарыққа шығатын жағдай бар.

Пәкістан – экономикалық жағынан жұтаңдау. Алайда саяси салмағы басым. Ядролық державалардың бірі. Ірі ойыншылармен іргесі бір. Әскери әлеуетін де күшейтіп жатыр.  

Жанат Момынқұлов, саясаттанушы, халықаралық сарапшы:

- Қытаймен серіктес, Америкамен Одақтас мемлекет. Сондықтан болашақ тұрғысынан, Еуразиядағы өз орнымызды бекемдеу тұрғысынан өте маңызды болар еді. Әрі мұсылман мемлекеті, Орталық Азиямен тарихи байланыстары бар. Түркиямен, Сауд Арабиямен әскери альянстар құрып отырған мемлекет. Геосаясатта маңызы артып тұр.  

Еуразиялық кеңістікте тепе-теңдік орнатуда Пәкістанның бәсі басым. Оның ядролық держава екенін айтпағанда, ислам әлемінде де әлеуеті зор ірі мемлекет. Осы ретте көп векторлы саясат ұстанатын екі ел аймақтық қауіпсіздікке де ықпал ете алады, дейді сарапшылар. 

Нысаналы Ығыл