Қазақстан президенті мен Пәкістан премьері кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді

Пәкістан Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі.

Кеңейтілген құрамда жалғасқан келіссөзде Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп, Пәкістанға үлкен делегациямен келгенін жеткізді. Сондай-ақ бүгін қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация өзара ықпалдастыққа жол ашатын маңызды тарихи межені айқындайтынын айтты. Кездесуде көлік бағыттарын өзара ұштастыруға ерекше мән берілді. Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азия елдерімен үйлесімді қарым-қатынас жасау арқылы көлік-логистика саласындағы нақты жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады. Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Біздің тарап Мәртебелі мейманды биыл қарсы алуға дайын. Ал Шахбаз Шариф сауда дәліздерін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Үкіметімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегісі келетін мәлімдеп, екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша нақты әрі елеулі прогресс қажет екеніне назар аударды. Келіссөз соңында тараптар сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады.