Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірқатар қатаң талап қойды
Инфляцияны тежеу, салық пен бюджеттік саясатты түбегейлі тәртіпке келтіру және бизнесті қолжетімді несиемен қамтамасыз ету.
Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген Президент осындай қатаң талап қойды. Және бюджеттік бағдарламаларға ревизия жүргізуді тапсырды. Яғни, тиімсіз шығындарды қысқарту қажет.
Үкіметтің кеңейтілген отырысы. Министрлер кабинеті былтыр атқарған істерін қорытындылап, алдағы жоспарын бекітетін айшықты оқиға. Дәстүрге сай әуелгі сөзді Премьер-министр алды. Олжас Бектеновтың айтуынша, былтыр Үкімет жүйелі реформаларға басымдық берген. Негізгі жұмыс салық, тариф, бюджет саясатында экономиканың дамуын тежеп тұрған кедергілерді жоюға бағытталған.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Салық және бюджет реформасы Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді алмай-ақ, еліміздің үш жылдық бюджетін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ол 2028-ші жылға қарай бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 0,9%-на дейін қысқартуға ықпал етеді. Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 2025 жылғы 50%-дан 2028 жылы 34%-ға дейін төмендейді. Іске асырылған реформалар кезеңінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың орнықты өсімін сақтап қалуға қол жеткізілді.
Жалпылай алғанда экономиканың өсу көрсеткіші жақсы деңгейде. Дегенмен, арқаны кеңге жаюға болмайды. Себебі, инфляция әбден қыспаққа алып барады. Президент инфляцияны ойға қонымды, қалыпты жағдайда түсіру керектігін айтты. Ол үшін Үкімет пен Ұлттық банк 3 жыл қатарынан инфляцияны төмендету үшін нақты шара қабылдауы тиіс. Осылай деген Президент жауаптыларға қатаң ескерту айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Осы маңызды жұмысқа барлық мекеме өкілдері мен сарапшылар қатысуға тиіс. Тағы да қайталап айтамын: қолайсыз ахуалды шұғыл ретке келтіру қажет.
Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз «жол карталарын» әзірлеу жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады.
Биыл елде жаңа салық кодексі күшіне енді. Жаңашылдық экономикадағы ашықтық пен тәртіпті күшейтуге бағытталған. 1 ай өткеннің өзінде жақсы нәтижелер бар екен. Ұлтты экономика министрлігінің дерегінше, 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуше заң аясында әрекет ете бастаған. Осы ретте Мемлекет басшысы қазынаны толтыру үшін салық жүйесін жаппай цифрлындаруға шұғыл кірісуді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Үкіметтің бағалауынша, салық реформасының нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 триллион теңге түседі. Жоспар әлбетте көңілге сенім ұялатады. Бірақ қайталап айтамын: белгіленген көрсеткіштерге шамадан тыс салық салу, бизнесті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алу есебінен жетуге болмайды.
Президенттің сөзінше, қазір жазалаушы менталиттен арылатын кез келді. Яғни салық төлеушілер мен тиісті органдар арасында серіктестік пен сенім қағидаты орнауы тиіс. Мемлекет пен бизнес экономиканы дамыту жолында бір-бірін қарсы тарап емес, ортақ мақсаттағы әріптес ретінде түсінуге тиіс. Бұл жайында мемлекет басшысы «Turkistan» газетіне берген сұхбатында да, Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысында да бір емес, бірнеше мәрте қайталап айтқан болатын. Дегенмен, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Оқу керек. Әйтпесе зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар. Банктер, агрегаторлар мен маркетплейстер салықтық әкімшілендірудің әрекет ету аясына толықтай еніп, салық агенттері міндетін атқаруға тиіс. Мемлекеттік кірістер комитетіне толық цифрлық режимде жұмыс істейтін «фискальдық деректер фабрикасына» айналу міндеті жүктелді. Бүкіл мәселені шешудің жалғыз дұрыс жолы осы. 2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Бұл стратегиялық маңызы бар міндет.
Тағы Президент бюджеттік бағдарламаларға ревизия жүргізуді тапсырды. Яғни тиімсіз шығындарды қысқарту қажет. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаржысын игерудің қазіргі критерийінен бас тартуды талап етті. Себебі Үкімет пен әкімдер ақшаның игерілмей қалуынан қауіптеніп, болмайтын жобаларға қаржы бөліп, оңды-солды шашатын көрінеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ең сорақысы, мұндай шешімдер субъективті түрде қабылданып, қаржы таңдаулыларға ғана беріледі. Тоқетері, әркім өз білгенін жасағанды қою керек. Енді мұндайды мемлекет мүддесіне қасақана қарсы әрекет ету деп қарастырамыз. Бюджет қаржысы азаматтарымызға нақты пайда әкелетін және ұлттық экономиканың дамуына септігін тигізетін жобаларға берілуге тиіс. Үкіметке биыл 1 мамырға дейін бюджет бағдарламаларына ревизия жүргізіп, мемлекет есебінен қаржыландырылатын жобаларды іріктеу механизмін жетілдіру тапсырылады. Бұл квазимемлекеттік секторға да қатысты.
Жиын барысында Президент бизнеске несие беру жайын сынға алды. Оның сөзінше, қазір елдегі ақшаның негізгі бөлігі, яғни активтердің 84 пайызы банктердің қолында. Бірақ өз ісін өрге домалатамын деген жандарға берілетін қарыз көлемі небәрі 38 пайызды құрайды. Соған қарамастан қаржы институттары былтыр қиналмай-ақ 3 трлн теңге табыс тапқан.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Экономиканы қолжетімді кредитпен қамтамасыз етудің жалғыз жолы – инфляцияны тұрақтандырып, деңгейін төмендету, содан кейін нарықтық мөлшерлемені азайту. Тағы да қайталап айтамын: бұл ретте Үкімет пен Ұлттық банктің жүйелі, үйлесімді әрі кәсіби тұрғыда жұмыс істегені маңызды. Халықаралық валюта қорының кеңесіне құлақ асып, түрлі терминологияны оңды-соңды қолдануға аса көп ақылдың қажеті жоқ. Аздап ойланып, тым болмаса көптеген түйткілді шешуге талаптанып көру, бұл басқа мәселе.
Тағы бір өзекті мәселе – ол халықтың табысы. Үкімет басшысының сөзінше қазір оның өсімі экономиканың өсу қарқынына ілесе алмай келеді. Біздегі жалақы Орталық Азия үшін жоғары болғанымен, әлемдік деңгейге жете алмай тұр. Сондықтан Премьер-министр халықтың табысын кемінде 40 пайызға дейін жеткізуді мақсат етіп отырғанын Президентке айтты.
Риат Шони, тілші:
- Сонымен бүгінгі жиынның негізгі түйіні: Үкіметке арқаны кеңге салуға болмайды. Президент былтырғы экономикалық көрсеткіштерді атап өткенімен, босаңсуға ешқандай негіз жоқ екенін қадап айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қателіктерді түзеуге мүмкіндік берді, ендігі кезек Үкіметте. Ал берілген тапсырмалардың қалай орындалатынын уақыт көрсетеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні - экономикалық өсім қағаз жүзінде ғана емес, әр қазақстандықтың дастарханы мен әмиянынан байқалуы тиіс.
Риат Шони, Марат Диханбаев