Михаил Шайдоров Әлем чемпионатына қатыспайды
Керлингтен ел чемпионатының алғашқы жеңімпаздары анықталды. Астанада өткен ішкі біріншілікте ерлер арасында Қостанай облысы топ жарса, Астана екінші, Солтүстік Қазақстан облысы үздік үштікті түйіндеді.
Ал әйелдерден Шығыс Қазақстан облысының спортшылары жарыс жеңімпазы атанды. Халықаралық конькишілер одағы биылғы мәнерлеп сырғанаудан әлем біріншілігінде өнер көрсететіндердің тізімін жариялады. Алайда олардың арасында отандасымыз Михаил Шайдоров көрінбейді. Байрақты дода 24-29 наурыз аралығында Чехияның Прага қаласында өтеді. Қатысушылар тізімінде 36 спортшы бар. Яғни америкалық Илья Малинин мен Джейсон Браун, жапониялық Као Миура мен Юма Кагияма, Сун Сато сынды жарыс фавориттері бақ сынайды. Бұл сайыста Қазақстан намысын Диас Жиренбаев қорғайды. Айта кетейік, Михаил Шайдоров былтыр Бостонда өткен әлем чемпионатында күміс медаль еншілеген еді.
Тағы бес боксшымыз ширек финалға өтті
Болгарияда бокстан «Странджа» турнирі жалғасуда. Жарыстың үшінші күнінде 9 отандасымыз шаршы алаңға көтерілді. Соның бесеуі келесі кезеңге сенімді түрде жолдама алды. Әйелдерден 57 келіде Ұлжан Сәрсенбек, 60 келіде Римма Волосенко мен Виктория Графеева және 65 келіде Лаура Есенкелді қарсыластарынан басым түсті. Ал ерлерден 90 келіден жоғары салмақта Даниял Сапарбай ағасымен жекпе-жекке шығудан бас тартып, Нұрлан Сапарбайға өз жолын берді. Ағайынды екі жігіт бұған дейін де ел ішіндегі жарыстарда бір-бірімен жұдырықтасудан бас тартқан еді. Айта кетейік, «Странджа» кубогы әуесқой бокс әлеміндегі ең беделді додалардың бірі саналады және оны бейресми түрде «кіші әлем чемпионаты» деп атайды. Биылғы жарыс 1 наурыз күні аяқталады. Бұл турнирге Қазақстан құрамасы сапынан 39 спортшы қатысуда: олардың 19-ы ерлер, 20-сы әйелдер құрамасында.
Нұржан Насанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Болгария төрінде ерлер құрамасы сапынан 19 боксшымыз жүлдеге таласып жатыр. Олардың дені жастар. Егер өздерін жақсы қырынан көрсете алса, Азия чемпионатына бара алады деп ойлаймын. Барлығының ұлттық құрамаға кіруге мүмкіндігі бар.
Бублик ұтылып қалды
Теннистен Александр Бублик Дубайдағы турнирдің ширек финалына шыға алмады. Еліміздің бірінші ракеткасы 1/8 айналымда нидерландтық спортшымен кездесіп, ұтылып қалды. Қорытынды есеп 2:0. Қос сетте 3:6, 6:7 есебі тіркелді. Айта кетейік, Дубайдағы ATP-500 турнирінің жалпы жүлде қоры 3 миллион 300 мың доллардан асады. Жарыс жеңімпазы 620 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы мен 500 рейтингілік ұпайға қол жеткізеді.