Мемлекет басшысы Оман Сұлтанымен телефон арқылы сөйлесті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидпен Таяу Шығыстағы ахуалды талқылап, осынау қиын сәтте бауырлас халыққа тілектес екенін жеткізді.
Президент Иранға қарсы соғысқа қатыспаған Шығанақтағы елдердің азаматтық нысандарына әуеден шабуылдауға байланысты алаңдаушылық танытты. Сондай-ақ Қазақстанның жағдайды ушықтырмай, тараптарды диалог пен дипломатия арқылы қақтығысты шешу жолдарын іздеуге шақыратынын атап өтті. Мемлекет басшысы еліміздің азаматтарын қақтығыс аймағынан Оман арқылы эвакуациялау мәселесіне тікелей араласқаны үшін ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Оман сұлтаны шынайы қолдауға алғыс айтып, қасиетті Рамазан айында Қазақстан халқына бақ-береке тіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Оман Сұлтанын жыл соңына дейін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақыратынын тағы да растады.