Президенттің Алматыға жұмыс сапары басталды
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына жұмыс сапары аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барып, ғылыми әлеуетімен танысты.
Президентке иновациялық өнімдер орталығының және Farabi Hub-тың жоғары технологиялық жобалары көрсетілді.
Hub экономиканың нақты секторына инновациялық әзірлемелер енгізуді көздейтін заманауи платформа ретінде құрылған. Оның базасында креативті индустрия, жасанды интеллект пен стартап жобалары іске асырылады. Осы арқылы 300 жаңа жұмыс орны ашылып, 20 миллион доллардан аса инвестиция тартылды.
Одан бөлек, университет жалпы құны 1 миллиард 250 миллион теңгені құрайтын төрт ірі жобаны жүзеге асырып жатқаны жөнінде мәлімет берілді. Қытайдың Солтүстік-батыс политехникалық университетімен бірлесе әзірленген микроспутник макеті көрсетілді. Жоғары оқу орындарының ғалымдары NKSAT спутнигін жасап жатыр. Ол Жердің тартылыс аумағы мен радиация деңгейін өлшеуге, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге арналған.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа университет базасында орналасқан суперкомпьютер кластері көрсетілді. Оны құруға 23 миллион доллар инвестиция тартылған.