Бүгін – Тазару күні

«Наурызнама» онкүндігінің соңғы шарасы ұлттық экологиялық науқанға арналған. 23 наурызда ел бойынша сенбіліктер ұйымдастырылып, гүлзарлар мен бақтар, өзен-көлдердің жағалауы, қоғамдық орындар қоқыстан тазартылады. 

Бұл дәстүрдің тамыры тереңде. Наурыз тойы қарсаңында: «Бұлақ көр­сең, көзін аш», – деп қаумаласқан жігіттер бастаулардың көзін ашып, қариялар: «Атаңнан мал қалғанша тал қал­сын», – деп тал еккен.

Табиғаттың өсіп-өнуіне бағытталған игі бастама туралы Мемлекет басшысы да өз құттықтауында атап өтті. «Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы», - деді Президент.

Мемлекет басшысының бастамасымен 2024 жылдан бастап елде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жалғасып жатыр. Ауқымды жоба халықтың, әсіресе, жастардың жаппай қолдауына ие болды.