Өзбекстанда Президенттің стратегиялық бастамалары талқыланды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы бастамалар өнеркәсіп, энергетика және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, өңірлердің көлік-логистикалық әлеуетін кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады, деп хабарлайды 24KZ.
Стратегиялық құжаттың негізгі бағыттарын Өзбекстандағы мемлекеттік органдар, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері мен дипломаттар оң бағалады. Әсіресе Қазақстанның адами капиталды дамытуға және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған әлеуметтік жобаларының маңызына мән берілді. Ел тәуелсіздігін нығайту, егемендікті қорғау тетіктері, инфрақұрылымды дамыту және цифрландыру жоспарларына ерекше назар аударылды. Екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытудың жаңа бағыттары да талқыланды.
Дилором Файзиева, Олий Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитет төрағасының орынбасары:
– Қазір жаңа жағдай қалыптасып, жаңа Құрылтай жұмыс істей бастаған тұста, біз Олий Мәжілісі тарапынан Қазақстанмен парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің құрамын жаңарту туралы шешім қабылдадық. Бұл кеңестің жаңартылған құрамы екіжақты ынтымақтастықты, атап айтқанда, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланысты дамытуға жәрдемдесу бағытында жұмысын бастайды. Бүгінде технология, энергетика, көлік, логистика, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы серіктестік мәселелеріне ерекше мән беріліп отыр.