Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйледі, деп хабарлайды «24KZ» Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы: «Ана тілі мәселесі – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып»
«Баршаңызбен бірге Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында бас қосып отырғанымызға ризамын.
Бүгінгі жиынның мән-мағынасы ерекше. Себебі Ана тілі мәселесі, бұл – мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар тақырып.
Қазіргі таңда дүние жүзінде тіл өзекті, нәзік мәселеге айналып кетті. Бұл үрдіске бәріміз куә болып отырмыз.
Ең алдымен, осы жерде сөз сөйлеп, мазмұнды ойларын ортаға салған азаматтарға алғысымды білдіремін. Салмақты пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Соның бәрін мұқият қарап, алдағы жұмысымызда міндетті түрде ескеру қажет».
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ тілі» қоғамы – мемлекеттік тілдің мызғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құрылым»
«Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек.
Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр.
Бүгінде Ұйым мүшелері көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жобаларды табысты жүзеге асыруда.
Мен Мемлекет басшысы ретінде «Қазақ тілі» қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылығымды білдіремін.
Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Тіл мерейі – ел мерейі» деген қысқа-нұсқа, мағынасы терең сөзі бар.
Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл.
Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы».
Президент: «Мазмұны айрықша Конституция Әділетті Қазақстанды құру ісіне заң тұрғысынан жол ашты»
«Қазақ тілі» қоғамының бұл құрылтайы шын мәнінде тарихи сәтте, яғни, қасиетті Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығының қарсаңында өтіп жатыр.
Қазақстан Егемендік жолының осындай айтулы межесіне беделі биік, болашағы жарқын ел ретінде қадам басып отыр.
Тәуелсіздік туын көтергелі бері халқымыз көптеген белесті абыроймен еңсерді. Біртұтас ұлт болып, мемлекеттігіміздің іргетасын қалады және оны нығайта түсті.
Берекелі бірлігіміздің арқасында біз соңғы жеті жыл ішінде ауқымды реформаларды табысты іске асырдық. Ел өмірінің барлық саласында түбегейлі өзгерістер жасап, тың бастамалар көтердік.
Ең бастысы, халқымыздың темірқазығына айналған қастерлі құжат – Конституциямызды қабылдадық.
Мазмұны айрықша Конституция Әділетті Қазақстанды құру ісіне заң тұрғысынан жол ашты.
Енді Конституцияға сәйкес еліміздің Тәуелсіздігін, Егемендігін, кең байтақ жеріміздің тұтастығын, азаматтарымыздың заңды құқықтарын және бостандықтарын қорғау мемлекетіміздің басты, тіпті, қастерлі міндеті саналатын болды деп айтсақ, қате болмас.
Баршамызға Тәуелсіздік – бәрінен қымбат асыл дүние. Тәуелсіздік болмаса, біздің халқымыздың келешегі тығырыққа тірелетіні анық. Сондықтан Тәуелсіздікті қорғау әрі нығайту – ең қасиетті борыш, ең қастерлі парыз!»