Бүгін – жедел жәрдем қызметкерлері күні
Бүгін – жедел жәрдем қызметкерлерінің кәсіби мерекесі.
Басы ауырып, балтыры сыздаған бұқараны емдеп, дерт меңдеген сәтте жанға араша болып жүрген ақ халаттыларға алғыс білдіретін күн. Уақытпен санаспай, әр шақыртуға шұғыл жетіп, адам өмірі үшін күресіп жүрген жандардың тірлігі - қауырт, жүгі - ауыр.
Иә, жедел қызметте кідіріс жоқ. Сын сағатта көлік те, кәсіби маман да сақадай сай тұруы керек. Қаздай тізілген қызметтік көліктер науқастарға шұғыл көмек көрсетуге тастүйін дайын. Мұндағы жұмыс күні дәл осы жерден басталады. Әр көлік қызметке шығар алдында мамандар қозғалтқыштан бастап, арнайы медициналық құрал-жабдықтарға дейін жіті қарап шығады. Жүргізушілер де ауысым алдында міндетті медициналық тексерістен өтеді. Олардың денсаулық жағдайы тексеріліп, нарколог қарайды. Осыдан кейін ғана жол қағазы рәсімделіп, жұмысқа кіріседі. Шақыртуға шыққан сәттен бастап уақытпен жарыс басталады.
Дамирхан Жарболов, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:
- Рөлде отырғанда біреулер жол береді, біреулер бермейді. Біреулері тіпті жолда тұрып алады. Дабыл қондырғысымен жүрсең де тұрып алады. Шақыртуға барамыз, шлагбаум тұрады, кей кезде ашпайды. Жоқ дегенде оны келіп ашқанша 10-15 минут жоғалтып аламыз. Тіпті одан да көп.
Әр қоңырау - маңызды, әр секунд - қымбат. Мұны мамандар жақсы біледі. Сол себепті шақырту түскен соң 1-2 санаттағы науқастарға 10-15 минутта, 3-4 санаттағы азаматтарға 30-60 минут аралығында жетіп, жәрдем көрсетеді.
Ақерке Сағатбекова, Астана қалалық Ақпараттық шұғыл диспетчерлік бөлімінің фельдшері:
- Күніне әрқайсымыз шамамен 150-200 шамасында шақырту қабылдаймыз. Менің жұмысым келіп түскен шақыртуды дұрыс қабылдау. Маған шақырту келіп түседі. Мен бірінші мекенжайын, не жағдай болғанын сұраймын, жасын, жынысын сұраймын. Сол бойынша шақырту қабылданады.
Қоңыраулардың ең көп түсетін мезгілі кешкі сағат бес пен түнгі он екі аралығы. Осы уақытта жүктеме 30 пайызға артады. Өмірге қауіпті 1-2 санаттағы шақыртулар түскенде диспетчерлер GPS навигация арқылы ең жақын бригаданы анықтайды. Қала бойынша әр ауданда шамамен 18-30 бригада бар. Жедел жәрдем келгенге дейін диспетчер телефонның арғы жағынан алғашқы көмек көрсету тәртібін түсіндіреді. Байланыс орталығы қызметкерлерінің осындай шұғыл әрекеті үш жылда 49 адамның өмірін сақтап қалған.
Бота Сәдетхан, Астана қалалық Жедел медициналық жәрдем станциясы директорының Медицина жұмысы жөніндегі орынбасары:
- Тәулігіне 3000-3500 қоңырау түседі. Шақыртулар саны 2000-ға жетеді. Диспетчерлік бөлімде 15 тәуліктік жұмыс орны бар. Ауыр шақыртулар түскенде барлық ауданның диспетчерлері жұмылдырылып, ең жақын деген бригаданы жібереміз. Орташа жету уақыты жеті минут.
46-шы бригада бұл жолы кеуде тұсы сыр берген 35 жастағы азаматқа қарай бет түзеді. Оларға шақырту түскен сәттен бастап жиналып, жолға шығуға небәрі үш минут уақыт беріледі.
Данияр Қалбаев, Астана қалалық Жедел жәрдем станциясының фельдшері:
- Біздің жұмыста қызық та, қиын да кездер бар. Әр күніміз жаңа күн, жаңа шақырту, жаңа тәжірибе. Физикалық және эмоционалды жүктемелер де болады. Иә, оңай емес, дегенмен адамға көмек көрсеткеннен кейін сол адамның жағдайы жақсарғанын көргеннен кейін біздің барлық шаршауымыз ұмытылып кетеді.
Науқас өзін жол үстінде жайсыз сезіне бастаған. Сондықтан медициналық топ оны межелі жерге жеткізбей, жол бойынан алып кетті.
Иә, жедел жәрдем қызметі оңай жұмыс емес. Ауруы асқынып, мазасы кеткен жандармен тіл табысу үлкен жауапкершілік. Кезекті шақырту түскен бойда бригадамен бірге біз де барып, науқасты алып шықтық. Қазір жедел жәрдем көлігінің ішіндеміз. Науқасқа жол үстінде тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Ақ халаттылардың кәсібилігінің арқасында науқас дін аман. Жедел жәрдем қызметінде әр шақырту - тосын жағдай. Кейбірі жылдар өтсе де ұмытылмайды, - дейді сала өкілдері.
Данияр Қалбаев, Астана қалалық Жедел жәрдем станциясының фельдшері:
- Алдыңғы жылы таңғы ауысымда алғашқы шақырту келіп түсті бізге. 54 жастағы ер адам кеуде тұсында ауырсыну деген шақыртуға бардық. Инфаркт анықтадық. Сол мезетте науқас жатқан уақытында кенеттен тыныс алуы тоқтап, құрысып, қатып қалып, қызарып, жүрегі тоқтағанын байқадық. Біз дереу кідірместен жүрекке тікелей емес массаж жасауға кірісіп кеңейтілген реанимациялық іс-шаралар жасап, науқасты клиникалық өлімнен шығарып алдық. Өзіміз бірге өліп, сол кісімен бірге тіріліп, сол кісі есін жинап, бізбен кері байланысқа шыға бастағаннан кейін науқастың әйелі қуанғаннан бізді құшақтап жылап жібергені бар еді.
Дамирхан Жарболов, Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:
- Айтматова 27 үйде бізге шақырту береді. Барамыз. Кішкентай бала он жасар. Әке-шешесі ауызашарға кетіп қалған. Барғанда баяғы есіктер бар ғой, ағаш есік шыны, соны ойнап жүріп балалар аяқпен тепкен ғой. Аяғына кіріп кетіп, шыны санының арт жағын кесіп жіберген ғой. Сосын 2 қалалық ауруханаға ұштық.
Станцияда жүзге жуық жедел жәрдем бригадасы қызмет етеді. Әрқайсы тәулігіне жиырмадан астам шақыртуға аттанады. Күн, түн демей, адам жанына араша болып жүрген ақ халаттылардың еңбегі - құрметке лайық. Олардың бір күндік тірлігіне куә бола отырып, саланың салмағы мен жауапкершілігін аңғардық.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Арман Ақшабаев