Мемлекет басшысы Аустрияның үкімет мүшелерін қабылдады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, елімізге министрлермен бірге іскерлік орта өкілдерінің келуі маңызды екенін атап өтті.
Аустрия – Қазақстанның сенімді әрі бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесі. Аустрияның Қазақстан экономикасына құйған инвестициялары 3 миллиард доллардан асты, сондай-ақ сауда айналымының көлемі ұлғайып келеді. Президент екі елдің салалық министрліктері мен ведомстволары арасындағы ықпалдастықтың жандануын құптады. Мемлекет басшысы заманауи сын-қатерлердің трансшекаралық сипаты ұлғайып бара жатқанына тоқталып, осы орайда құқық қорғау органдарының өзара байланыстарын тереңдету қажет екенін айтты.