«Зейнетақыңызды шығарып беремін»: астаналық тұрғын алаяққа алданып қалды

Фото: depositphotos.com

Астанада зейнетақы жинағын шығарып беремін деп ақша алған күдікті ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».

Polisia.kz мәліметінше, 28 жастағы ер адам азаматтың сеніміне кіріп, зейнетақы жинағын шығарып беруге көмектесетінін айтқан. Осы сылтаумен ол жәбірленушіден 250 мың теңге алып, кейін байланысқа шықпай кеткен.

Жәбірленушінің арызы негізінде жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, күдіктінің жеке басы анықталды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сондай-ақ оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

Полиция өкілдерінің айтуынша, соңғы уақытта зейнетақы төлемдерін, әлеуметтік жәрдемақылар мен жеңілдіктерді рәсімдеуге көмектесеміз деген желеумен жасалатын алаяқтық деректері көбейген.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары азаматтарды жеке деректерін және банк карталарының мәліметтерін бөгде адамдарға бермеуге, күмәнді қызметтер үшін алдын ала ақша аудармауға және «ақшаны тез шығарып береміз» деген уәделерге сенбеуге шақырды.

Күдікті жағдайлар туындаған жағдайда бірден полицияға хабарласу қажет.