Бітімгерлердің үшінші құрамы Голан жоталарына аттанды
Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарындағы «БҰҰ-ның ажыратуды бақылау күштері» миссиясы құрамында қызмет атқаратын болады, деп хабарлайды «24KZ».
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, үшінші ұлттық бітімгерлік контингентті салтанатты түрде шығарып салу рәсімі Десанттық-шабуылдау әскерлерінің 61993 әскери бөлімінің базасында өтті.
Үшінші бітімгерлік контингенттің командирі, подполковник Ілияс Алматов бастаған Қазақстан Қарулы күштерінің 139 әскери қызметшісі бітімгерлік міндеттерді орындауға аттанады.
«Қазақстандық бітімгерлер атысты тоқтату режимін қамтамасыз ету, патрульдеу, блокбекеттерді күзету, жарылғыш заттарды залалсыздандыру, сондай-ақ БҰҰ қызметкерлерін алып жүру және эвакуациялау міндеттерін орындайды. Айта кету керек, бұған дейін Голан жоталарында қызмет атқарған ұлттық контингенттің екі құрамы да барлық тапсырманы сәтті орындап, БҰҰ миссиясы басшылығының жоғары бағасына ие болды», — делінген хабарламада.
Еске салсақ, қазіргі таңда 150-ден астам қазақстандық бітімгер Таяу Шығыс пен Африка құрлығындағы БҰҰ-ның 7 миссиясына әскери бақылаушы, штаб офицері ретінде қатысып, сондай-ақ Голан жоталарындағы жеке ұлттық контингент құрамында қызмет атқаруда.
Атап айтқанда, қазақстандық әскери қызметшілер Ливан, Сирия, Батыс Сахара, Оңтүстік Судан, Конго Демократиялық Республикасы және Орталық Африка Республикасындағы БҰҰ миссияларына қатысып жүр.