Бүгін - Бітімгерлер күні
Бүгін елімізде алғаш рет Бітімгерлер күні аталып өтті. Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес, 29 мамыр енді Қазақстан Қарулы күштеріндегі кәсіби мерекелердің бірі болып ресми түрде бекітілді.
Айтулы күн Біріккен Ұлттар ұйымының Халықаралық бітімгерлер күнімен тұспа-тұс келеді. Осыған орай Алматыдағы панфиловшылар саябағында салтанатты жиын өтіп, бітімгерлерге құрмет көрсетілді. 2014 жылдан бері 900-ден аса отандық әскери қызметші Біріккен Ұлттар ұйымының түрлі миссияларында шыңдалды. Олар Иракта, Ливанда, Батыс Сахарада, Голан жоталарында және әлемнің басқа да өңірлерінде міндеттер атқарды. Қазіргі уақытта Голан жоталарында үшінші ұлттық бітімгерлік контингент қызмет атқаруда. Қазақстанның 139 әскери қызметшісі Израиль мен Сирия арасындағы даулы аумақта Біріккен Ұлттар ұйымының қақтығысты бақылап, тараптарды ажырату жөніндегі миссиясы аясында берілген міндеттерді орындап жатыр.
Жәнібек Нұрланов, Екінші ұлттық бітімгерлік контингентінің командирі:
- Бір жылда мыңға жуық тапсырманы орындадық. Оның ішінде патрульдеу, бекет посттарды қою және жергілікті тұрғындармен әрқашан қарым-қатынаста болу. Жарылғыш заттарды жойып, олардың мекен жайларын анықтап, жергілікті тұрғындарға ескерту.