Алтын Орда мұрасы

Алтын Орданың тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның ролін жаңаша пайымдау керек.

Осы бағытта ізденіс аясын кеңейтіп, империяның мұрасын тереңінен зерттеу маңызды. Бүгін елордада басталған «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумда сөз сөйлеген Президент осылай деп, алып өркениеттің қыр-сырын толық ашу маңыздылығына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев өзге елдерді ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуге шақырды.

Риат Шони, тілші:

- Бір кездері Ұлы дала төсінде Алтын Орда атты алып мемлекет бой көтерді. Оның ықпалы Еуразияның саяси картасын өзгертіп, сауда жолдарын, дипломатияны, мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырды. Көшпенділер өркениеті жаңа сипатқа ие болды. Ғасырлар өтті. Бірақ тарихтың ізі жоғалған жоқ. Бүгін сол Ұлы даланың жүрегінде - Астанада - Алтын Орда мұрасын қайта зерделейтін халықаралық конференция бастау алды. Басқосу - тарихшылар мен ғалымдардың кезекті ғылыми жиыны ғана емес. Бұл ұлттық сананы жаңғыртуға, мемлекеттіліктің тамырын тереңнен іздеуге бағытталған маңызды идеологиялық әрі ғылыми алаң.

Кезінде бірнеше мемлекеттің аумағын біріктірген Алтын Орда - ұлан-ғайыр атырапта, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болған. Бұған бүгінде ешбір тарихшы күмән келтірмейді. Ал Қазақстанды сол Жошы ұлысының құқықтық мұрагері ретінде халықаралық деңгейде таныту - тарихи әділеттілікті қалпына келтірумен пара-пар. 

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- 2019 жылы осы Ұлы Ұлыс – Жошы Ұлысы, Алтын Орда, қазақ мемлекеттілігінің негізі деп айта бастаған кезде үлкен скепсис болған. Қаншалықты мына халықаралық ғылыми қауымдастық оны қабылдайды деген. Бірақ бүгін көріп тұрмыз. 5 жыл өтті. Жошы институты жаңа құрылып, жұмысын бастап жатыр. Алғашқы зерттеулері аяқталып жатыр. Біздің мемлекеттелігіміз негізі сол Жошы Ұлысы екенін бүгін бүкіл әлем мақұлдап жатыр.

Қазіргі таңда отандық ғалымдар Алтын Орда дәуірін зерттеуде белсенді жұмыс істеп жатыр. Жаңа тарихи орындарды анықтап, 14-ғасырға тиесілі үйлер, қамалдар және керуен-сарай бөліктерін ашқан. 

Сайпулла Сапанов, Х.Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры:

- Хан ордасының табылуы да, жаңа ескерткіштердің табылуы, жаңа қалалардың табылуы. Тек қана Сарайшық емес, сол өңіріндегі мына Жібек жолындағы жаңа қалалардың дамуы — бұл өте маңызды мәселе де. Соны бұрын зерттелмей келген, бұрын ашылмай келген қалаларды қазір осы Қазақстан археологтары, зерттеушілері өзінің үлкен еңбегі деп есептейміз.

Көшпенділер өркениетінің саяси жүйесі, дипломатиялық мәдениеті мен құқықтық құрылымы сонау Алтын Орда дәуірінде жаңа сипатқа ие болған. Кезінде Шығыс пен Батысты жалғаған алып империя Мысыр мәмлүктерімен, Ватиканмен, Византиямен, Осман империясымен және Еуропа елдерімен тығыз дипломатиялық байланыс орнатқан. Бүгінде бұндай құнды құжаттар Ватикан төрінде сақтаулы. Оны отандық ғалымдар тереңінен зерттеуге Президент бастамасымен осыдан екі жыл бұрын мүмкіндік алған.

Қалқаман Жұмағұлов, тарих ғылымдарының докторы:

- Мен ол жақта Алтын Орданың саясатына қатысты көптеген материалдарды таптым. Империя өзінің сыртқы саясатын белсенді түрде жүргізген. Бұл жерде құнды дәлел – ол Рим Папаларының Алтын Орда хандарына жазған хаттары. Бұған дейін біздің ғалымдар Қытайдың, араб елдерінің архивтерімен жұмыс істеген. Енді Ватикан төрінде де зерттеулер жүргізіліп жатыр.

Негізі Қазақстанда Алтын Орда тарихы әлемдік жылнаманың күрделі, сан салалы кезеңі ретінде қарастырылады. Сондықтан да бұл дәуірді зерттеу ісіне үстіртін қарауға болмайды. Әсіресе, әлемде тарихи мұра үшін күрес күшейіп тұрған тұста. Жиын барысында сөз алған Президент алып империяның мемлекеттік басқару жүйесін мұқият зерделеп, оның экономикалық құрылымына ерекше мән беру қажет деді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Көптеген беделді ғалымдардың пікірінше, қазір Алтын Орданың ақша жүйесінде мән-маңызы айрықша жаңалықтар ашылып жатыр. Археологтар осы кезге дейін беймәлім болып келген ондаған тиын сарайын тапты. Мамандардың айтуынша, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 миллион күміс тиын соғылған. 

Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады. «Деньги» сөзінің түбірі де осы ұғымнан тараған болуы мүмкін. Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел. 

Сөзсіз, Алтын Орда үлкен аумаққа иелік етті. Жошы ұлысының дәуірлеп тұрған кезіндегі аумағы 6 млн шаршы шақырымға жеткен. Тіпті Рим империясының ең айбынды кезеңінде мұндай жер көлемі болмаған. Бірақ, Президент Алтын Ордан тарихын тек әскери-саяси тұрғыдан бағалаудан аулақ болып, оның рөлін жаңаша пайымдау керектегін алға тартты. Мәселен, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарықты қалыптастырған

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ғалымдардың мәліметіне сәйкес, алып империяның құрамында жүзден астам шаһар болған. Алтын Орда дәуірінде қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін озық инженерлік тәсілдер қолданылды. Мұны түрлі археологиялық қазба жұмыстарынан анық байқауға болады.    Сол замандағы өндіріс пен құрылыстың қарқынды дамығанын Алтын Ордада жасалған кірпіштердің Ертіс пен Дунай аралығында кеңінен қолданылғанынан аңғаруға болады.

Айта кету керек, еліміз Алтын Орда дәуірін терең зерттеу ісіне ерекше мән беріп отыр. Осы мақсатта тұңғыш ғылыми мекеме - Жошы Ұлысын зерделеу институты да құрылған. Бұл - Қазақстанның тарихты тек өткеннің естелігі ретінде емес, ұлттық сананы қалыптастыратын стратегиялық құндылық ретінде қабылдайтынын көрсетеді. Өйткені Алтын Орда мұрасын зерттеу - бір ғана дәуірдің шежіресін түгендеу емес, қазақ мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығын терең түсінуге жол ашатын маңызды бағыт.

Лазар Элунду Ассомо, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар орталығының директоры:

- Тарихты зерттеудің мақсаты - өткенде қалып қою емес. Оның басты мәні - бүгінді тереңірек түсініп, болашақты парасатпен құру. Әлем алауыздықпен, сенімсіздікпен және оқшаулануға ұмтылыс секілді сын-қатерлерге тап болып отырған кезеңде, Алтын Орда мен Ұлы Жібек жолының тарихы бізге мүлде басқа тағылым ұсынады. Ол мәдениеттердің күші оқшауланудан емес, өзара кездесу мен ықпалдастықтан артатынын көрсетеді. ЮНЕСКО осы рухтағы симпозиумды құптайды. 

Тарихтан тартыс жасауға болмайды. Сондықтан да Қазақстан өзге елдерді ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуге шақырады. Бұл ретте салмақты ойлар мен ұтымды ұсыныстар айтылатын осындай симпозиумды еліміз енді тұрақты түрде өткізбек.

Риат Шони, Марат Диханбаев