Қазақстан мен Ресей президенттері БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді

Екі жақты келіссөздерден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президентінің мемлекеттік сапарын екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастық қатынастарын дамытудағы маңызды оқиға ретінде қарастыратынын атап өтті. Қазақстан Президентінің айтуынша, бүгінгі сапар екі жақты ынтымақтастық аясындағы сапалы өзгерістерді айқын көрсетті. Сауда-саттық көлемі 30 миллиард долларлық межеге жетеді деп болжанып отыр, ал экономикамызға құйған инвестиция бойынша Ресей бірінші орынға шықты. Экономикалық ынтымақтастық аясында 177 қолға алынды, оның 122-сі іске асырылды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақстан Ресеймен мәңгі достықты және стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайды. Біз Ресейді әрдайым Еуразиядағы тарихы бай әрі даму әлеуеті зор мемлекет деп санаймыз. Қазірдің өзінде санкциялар салдарынан туындаған қиындыққа қарамастан Ресей экономикасы сатып алу қабілетінің паритеті бойынша әлемде төртінші орынға, ал Еуропада бірінші орынға шықты. Мұны ірі халықаралық қаржы институттарының мәліметтері растайды. Былтыр Ресейдің номиналды ішкі жалпы өнімі 2,5 триллион доллардан асты. Бұл керемет нәтиже. Ресей табиғи ресурстары мол, инженерлік-ғылыми элитасы мен білікті жұмысшылары бар ел ретінде жаһандық экономикадағы жетекші орнын ешқашан жоғалтпайды. Сәйкесінше дүниежүзілік геосаяси сахнада маңызды роль атқарады. Ынтымақтастық перспективасына қатысты сөз қозғағанда бүгін қабылданған «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеменің ерекше маңызына тоқталғым келеді. Аталған құжат мақсаттарды айқындау тұрғысынан мұқият ойластырылған. Онда елдеріміздің стратегиялық серіктестігі және тату көршілік қатынастарын одан әрі дамытудың сенімді негізі мен ұзақ мерзімді бағдары көрініс тапқан.