Әкімшілік әділет: инвестицияға жаңа серпін

Былтыр елге 20 млрд доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды.

Қазір еліміз бұл көрсеткіш бойынша өңірде көш бастап тұр. Сарапшылардың сөзінше, инвесторлар үшін жеңілдіктер мен преференциялардан бұрын құқықтық кепілдіктер маңызды. Осы тұрғыда елімізде соңғы жылдары жүргізілген сот-құқықтық реформалар, әкімшілік әділет жүйесінің енгізілуі және инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерінің күшеюі осы нәтижеге жетуге ықпал етіп отыр. Тіпті бүгінде инвестициялық даулар бойынша сот шешімдерінің шамамен 80 пайызы инвесторлардың пайдасына шығарылуда. Бұл жайында бүгін Әкімшілік әділеттің құқық үстемдігін нығайтудағы рөлі халықаралық форумында сөз сөйлеген Президент мәлімдеді. 

Риат Шони, тілші:

- Инвестиция ең алдымен қаржыға емес, сенімге сүйенеді. Ал сенімнің берік болуы үшін заң бәріне бірдей қызмет етіп, әрбір шешім әділ әрі ашық болуы қажет. Соңғы жылдары Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан құқықтық реформалар дәл осы қағидаттарды нығайтуға бағытталған. Әкімшілік әділет жүйесінің енгізілуі мемлекеттік орган мен азаматтың, кәсіпкердің арасындағы дауда тепе-теңдік орнатуға мүмкіндік берді. Заманауи экономикада бәсекелестік тек нарықта емес, сенім мен құқықтық кепілдіктер алаңында да жүреді. Қазақстан осы бағыттағы реформаларды жалғастыра отырып, ашық әрі болжамды құқықтық орта қалыптастыруға ұмтылып келеді.

Ілкімді өзгерістер әрине бірінші кезекте инвестициялық климатқа әсер етеді. Себебі қалталы азамат үшін салықтық жеңілдіктерден бұрын ең әуелі оның құқығының қорғалуы, даулы мәселенің әділ шешілуі маңызды.

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:

- Мемлекет басшысының шешімімен прокуратура маңында инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Сондай-ақ бас прокурорға инвест-омбудсмен өкілеттілігі табыс етілді. Инвестицияның Қазақстанға келгенінен бастап, ол зауыт немесе басқа да өндірістің қосылғанына дейін прокурор әр бағытын заң түрінде қорғап, оның құқықтарының бұзылмауын қадағалап отырады.

Қазіргі таңда прокуратура 3 мыңға жуық инвестордың құқығын қорғаумен айналысып жүр. Яғни ел экономикасына қаржы құям деген қалталы азамат заң жүзінде қорғалған деген сөз. 

Ғабидулла Оспанқұлов, ҚР Сыртқы істер министрлігі инвестициялар комитетінің төрағасы:

- Біріккен Ұлттар Ұйымының "ЭСКАТО" деген ұйымы бар, сол ұйымның былтырғы шығарған статистикалық мәліметіне қарағанда, жалпы Орталық Азия және Солтүстік Кавказ елдерінің ішінде Қазақстанға тартылған инвестиция осы елдердің барлық көлемінің 70%-дан астамын Қазақстанға тартылған. Бұл дегеніміз Қазақстанға осы өңірдегі деген сенім инвесторлардың және Қазақстан осы өңірдегі ең ірі экономика ретінде өте тартымды болып есептеледі инвесторлар үшін. Міне, осындай статистикалық мәлімет көрсетіп отыр.

Айта кету керек, былтыр елге тартылған шетелдік инвестиция көлемі 20,5 млрд АҚШ долларына жеткен. 14 пайыздық өсім бар. Бұған 2021 жылы күшіне енген Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің де өзіндік ықпалы бар. Өйткені бұл жаңашылдық азаматтар мен кәсіпкерлерді билік өкілдерінің заңсыз әрекеттерінен қорғау үшін жасалған аса маңызды қадам болды. 

Ерлан Нұралиев, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының судьясы:

- Тағы бір ерекше мәселе – біздің республикамызда дербес кассациялық сот құрылып отыр. Бұл 1 жыл болды құрылғанымызға. 11 айдың ішінде 5 мыңға жуық кассациялық шағым қарадық. Соның ішінде 60-70 пайызы тұлғалардың өтініштерін қанағаттандыруға байланысты.

Жасыратыны жоқ, бұған дейін елде мемлекеттік органдардың шешімдеріне шағымдану тым қиын болатын. Яғни азаматтар тарапынан сотқа деген сенім төмен еді. Бірақ әкімшілік әділет жүйесі іске қосылған соң жағдай түбегейлі өзгерді. «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форумда сөз сөйлеген Президент осыны алға тартып, іргелі өзгерістерге бір тоқталып шықты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Ең бастысы, күмән тудыратын мәселелердің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды. Ал соттар дәлелдеме жинау жұмысына ерекше мән бере бастады. Бұл мемлекеттік органдар өздерінің шешімдерін және әрекеттерін заң жүзінде дәлелдеуге міндетті деген сөз. Статистикаға қарайтын болсақ, соңғы жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылған. Бұл да әкімшілік әділет жүйесінің нақты нәтижесі екені сөзсіз. Осылайша қоғамымыз «судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды» деген қасаң пікірден арыла бастады.

Президенттің сөзінше, әкімшілік істер бойынша сот тәжірибесі мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын айқындайтын сынақ болды. Оның нәтижесі сотқа деген сенімнің арта түскенін көрсетті. Себебі қазір сот алдында азамат шенеунік әрекетінің бұрыстығын емес, керісінше мемлекеттік орган өз шешімінің дұрыстығын дәлелдеуі тиіс. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жаңа Конституцияда әкімшілік сот төрелігін сот ісін жүргізудің дербес нысаны ретінде бекітудің маңызы зор. Күн тәртібінде сотқа шағымданудың қасаң моделін сот ісін жүргізу тәуекелдерін стратегиялық басқаруға ауыстыру қарастырылып отыр. Үкімет қазірдің өзінде тиісті ережелерді әзірледі. Енді орталық және жергілікті деңгейде әкімшілік актілер мен рәсімдердің бірізділігін қамтамасыз ету қажет.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев инвестиция жайына ерекше тоқталды. Қазір елде іскерлік белсенділікті арттыру мақсатында қолайлы құқықтық институционалдық орта қалыптасуда. Инвестициялық дауларды да шешу жайы оңтайлы етілген. Соның арқасында сот шешімдерінің 80 пайызына жуығы инвесторлардың пайдасына шығарылып жатыр. Осы ретте мемлекет басшысы билік және бизнес өкілдеріне өзара сындарлы байланыс орнатып, түйткілдерді ашық талқылауға әу бастан шақырып келе жатқанын тағы бір еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Билікте отырған лауазымды тұлғаларға тапсырмам: әр даулы жағдайда мәмілеге келетін жолды іздеу керек, бірақ бұл жол заңнама жүйесіне нұқсан келтірмеуі қажет. Басқа сөзбен айтқанда, әр келісімнің заңдық шектеуі болуға тиіс. Атап айту керек, кассациялық соттарды құру бастамасы дәл осындай жиынның бірінде көтерілген болатын.

Әрине инвестиция тартудағы маңызды факторлардың бірі – ол  инвесторлардың құқықтарын қорғау. Бұл бағытта Астана халықаралық қаржы орталығының Соты мен Арбитраж орталығы, Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб және Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті тиімді жұмыс істеп келеді. Соның нәтижесінде Қазақстан шетелдік инвестиция тарту бойынша өңірде көш бастап тұр. Бұл жетістікті сақтау үшін инвестициялық ахуалды одан әрі жақсартуға басымдық беру маңызды. Осы мақсатта Конституцияға жаңа нормалар енгізіліп, арнайы құқықтық режимдер қалыптастырылуда. Соның жарқын мысалы – Алатау қаласы. Жаңа заң оның инновациялар мен озық технологияларды тартатын заманауи цифрлық орталыққа айналуына жол ашады. Өз сөзін түйіндеген Президент мемлекет бұл бағытта бизнеспен ашық әрі тиімді әріптестікке дайын екенін мәлімдеді.

Риат Шони, Марат Диханбаев