Қарқаралыда туристік кешен салынып жатыр
Қарқаралыдағы Бұғылы тауы баурайында жаңа туристік кешен салынып жатыр. Мұнда қонақүйлер, этноауыл, ойын-сауық саябағы және шаңғы базасы бой көтереді.
«Қарағанды-Қарқаралы» автожолының қайта жаңғыртылуы да туристер легін арттырып, курорттық аймақтың дамуына оң серпін беріп отыр.
Бұғылы тауы баурайындағы туристік кешен 75 гектар аумақты қамтиды. Қазір мұнда су құбыры, кәріз жүйелерін және электр желісін тарту, жол салу жұмыстары аяқталуға жақын. Инфрақұрылымы дайын болғанда жер телімдері инвесторларға туристік жобаларды іске асыруға беріледі.
Досбол Тоқтамысов, құрылыс учаскесінің бастығы:
- Инфраструктура істеп жатқанда мұндай жерлерде көбіне байланыс жүрмейді. Бұл жерде интернет жүріп жатыр. Ол деген жақсы нәрсе, 21-ші ғасырға лайықты. Мұндай жұмыстардың біз талайын атқардық, бірақ сәл қиындау екен, таулы жер. Бірақ атқарып жатырмыз, қазір 60 адам жұмыс істеп жатыр.
Өлкеде этнотуризмнің де аяқ алысы жаман емес. Биыл Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында балаларға арналған этнолагерь ашылды. Оқушылар жазғы демалысын табиғат аясында өткізіп, ұлттық салт-дәстүрді бойына сіңіреді. Демалыс бағдарламасында тау баурайына жорықтар, атпен серуендеу, спорттық және шығармашылық іс-шаралар бар.
Бақтияр Құсайынов, кәсіпкер:
- Балалар бір-бірімен әңгімелесіп, күліп-ойнайды, бұл жерде телефон болмайды. 9-14 жасқа дейін. Бірінші поток енді ойымызша, 35 баладан бастап жатырмыз. Бір маусымда100-ге дейін жеткіземіз.
Туризмнің дамуына облыс орталығынан Қарқаралыға дейінгі жолдың жөнделгені де оң серпін берді. Қазір жол жүру уақыты екі сағатқа дейін қысқарды. Қарқаралыда бір мезетте 5000-нан аса турист қабылдай алатын 40-қа жуық демалыс орны бар. Былтыр шамамен 25 мың адам келген. Қонақтарды таулы аймақтың табиғатымен қатар, жылдың төрт мезгілінде демалуға болатын мүмкіндігі қызықтырады. Сонымен қатар қала инфрақұрылымын жақсартуға ерекше мән берілді.
Саят Мусин, Қарқаралы ауданы әкімінің міндетін атқарушы:
- Ең маңызды күрделі жөндеу жұмыстары Тоқтар Әубәкіров көшесінде жүріп жатыр. Қазір үшінші қабат асфальтын төсеу қалды. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар Қарқаралы қаласының түрғындарын ауызсумен қамтамассыз ету бағытында бізде «Жарлы-Қарқаралы» топтық су проектісі өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бүкіл Қарқаралының ішіндегі жолдарға орташа жүргізу жүргізетін боламыз. Соның барлығы мынау туристердің жайлы келіп, жайлы сезінуіне жағдай жасап жатырмыз.
Осындай инфрақұрылымдық жобалар өңірдің барлық негізгі туристік бағыттарында жүзеге асып жатыр.
Биыл Қарағанды облысына шамамен 600 мың турист келеді деп күтілуде. Бұл былтырғымен салыстырғанда 35 пайызға көп. Соның ішінде шетелдік қонақтар саны 40 мыңға жетуі мүмкін,-дейді сала мамандары. Әсіресе өңірге көршілес Ресей мен Қытай туристерінің қызығушылығы жоғары.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит