Елде гидтерге қойылатын талап қандай?

Елде жол көрсетуші маман тапшы. Экскурсовод, гидтерге талап та қатаң. 

Қазір елде мыңнан аса адам осы қызметтен нәпақа тауып жүргенмен көбінің қолында арнаулы сертификат жоқ. Жүйеде тек 400-ге тарта гид ресми тіркелген. Әрине, бұл салада жүргендер жол ортадан қосылғандар емес, қос-қостан дипломы бар білімді жандар. «Алайда гид болу үшін құр білім аз», - дейді мамандар. 

О шеті мен бұ шетіне құс қанаты талып жететін байтақ Қазақстанда туризмді дамыту – басты мәселе. Ал сырттан келген жұрт ел жайлы ең алдымен осы гидтер, экскурсоводтар арқылы біледі. Әйтпесе оларға қазақтың тарихын кім дұрыс жеткізіп, жер-суын кім дұрыс көрсетеді?! Гид күліп қарсы алса елдің де аужайын бажайлауға болады. 

Дильназ Тұрғазыева, тілші:

- Жансая Ғаниқызы туризм мамандығы бойынша бакалавр және магистр дәрежесіне ие. Алайда оның туристерге гид қызметін көрсетуге ресми рұқсаты жоқ. Себебі жоғары білім, көпжылдық тәжірибе мен шет тілдерін меңгеру экскурсовод ретінде заңды жұмыс істеуге жеткіліксіз. Бұған арнайы даярлық курсынан өту қажет.

Жансая Ғаниқызы, туризм саласының сарапшысы:

- Қазақстанда реестр гидов бар. Оған тіркелу өте қиын болды мен үшін. Неге туризм мамандығында он жыл жүрген адам ол жерге тіркеле алмайды. Себебі ол жерге арнайы сертификат қажет.

Талап болған жерде, тәртіп бар. Алайда аз ғана күндік курсты оқуға ерінетіндер де бар. Ал гид жүрдім-бардым қарайтын қызмет емес. Үнемі ізденіс пен оқудың арқасында дамиды.

Жансая Ғаниқызы, туризм саласының сарапшысы:

- Бізде гид кім? Тіл білемін-ау деген жас бала барады да Пирамиданы көрсетеді. Бұл пирамидаға ұқсас салынған пирамида деп айта салады. Оны Норман Фостер салған. Қандай себеппен, басты идеясы қандай, ішінде экскурсия өткізуге болады деген сияқты ақпараттар берілмейді. Сапалы гидтар бізде өте аз. Тіл білетін, Астана қаласының нақты ақпараттарын білетін гидтар өте аз.

Бүгінде Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай сынды облыстарда лицензиясы бар гидтер тапшы. Бүл өңірлердің туристік әлеуетін толық ашуға үлкен кедергі. Өйткені алыстан келген саяһатшы қажет ақпаратын ала алмайды. Бүгінде елде тек екі жүзден астам маман арнайы цифрландыру модулінде тіркелген.

Алия Ахмалишева, Астана гидтер клубының басшысы:

- Қызығушылығы бар жастарды тарту керек. Нарыққа шет тілдерін меңгерген гидтер қажет. Қазір Астананың өзіне келетін туристердің саны жыл санап артып келеді. Қонақтар тек көршілес елдерден ғана емес, алыс шетелден де ағылып жатыр. Сондықтан араб, қытай, испан, неміс тілдерін білетін гидтерге сұраныс басым. 

Ерлан Шәкәрімов, «Kazakh Tourism» Ұк» АҚ туристік өнімдерді дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы:

- Жоғары оқу орындарында экскурсоводтық пәндер жалпы сипатта оқытылады және кіріспе деңгейдегі білім береді. Ал курс өту барысында оларға арнайы бағдарламалар әзірленіп, нақты туристік нысандар мен бағыттарды жан-жақты зерттейді. Сондықтан заңнамада арнайы даярлық курсынан өтіп, сертификат алу талабы қарастырылған. Қысқа мерзімді бағдарламалар әдетте 36 сағаттан басталып, 180 сағатқа дейін жалғасады.

Әлемде туризмді табыс көзіне айналдырған елдер көп. Мәселен, әлемдегі ең биік шың Эверестке шығу құны 70 мыңнан 100 мың АҚШ долларына дейін жетеді. Оған қоса, тауға шықпас бұрын альпинистердің кәсіби дайындығын дәлелдейтін сертификаты болуы шарт. Ал мұндай жерге жол бастаушы гидсіз аяқ басу мүмкін емес. Азияда тек Эверест қана емес, таулы орманды алқаптар өте көп. Бәрінде гидтер ақы талап етеді.

Берік Есенғалиев, тревел-блогер, саяхатшы:

- Тек Эверест емес ол жақта Аннапурна басқа да шыңдар бар. Олардың бағасы әртүрлі. Мысалы, Королевство Мустанг деген бөлек автономиялық мемлекет бар. Соған барғым келді. Оған бару үшін менен 8000 доллар сұрады. Гид көмегі және 5 күн жаяу жүресің тауға. Тез барғың келетін болса, вертолетпен 20 мың доллар.

Саяхатшы Берік Есенғалиев жүрген Непалда тұтас ауылдар осы туристерге жол көрсетіп, қыруар ақша тауып отыр. Ал бізде гид мамандар тау, орман тұрмақ қалада табылмайды. Астана әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, былтыр бас қалаға 1,5 миллионнан астам турист ат басын бұрған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7 пайызға көп. Бұдан бөлек, былтыр елге келген шетелдіктердің саны 15 миллионнан асты. Нәтижесінде, ел экономикасына 3 миллиард доллардан астам пайда түскен. 

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Қанат Махмутов, Абдулхамит Бөлекбаев