ШҚО-да ауыл мектептерінің әлеуеті артып жатыр

Шығыс Қазақстан облысындағы ауыл мектептерінің әлеуеті артуда. Болашағынан үміт күттіретін білімді оқушылар Астана мен Алматы қалаларынан Самар ауданындағы Құлынжон орта мектебіне ауысып жатыр. 

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ауыл мектебі толықтай жаңғыртылып, заманауи IT-сыныптар және ғылыми зертханалармен жабдықталды. Шалғай аудандардан келетін оқушыларға арналған интернат, кітапхана және спорт кешені ашылды.

Құлынжон ауылындағы 1966 жылы салынған оқу ғимараттары толық жаңғыртылған. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында инфрақұрылым жаңарды. Заманауи білім беру кешенінде 176 оқушы оқиды. Жаңа интернатта 30-дан аса орын бар. Оқу бағдарламалары академиялық даярлыққа басымдық бере отырып әзірленген. Бұл білімді әрі жас мұғалімдер үшін де зор мүмкіндік. Алмасбек Шайболат бұған дейін Алматыдағы жекеменшік мектептерде физика пәнінен сабақ берген. Қазір ол Құлынжондағы жаңа білім ордасында жұмыс істеп жүр. 

Алмасбек Шайболат, физика пәнінің мұғалімі:

- Мына жерде осындай кабинет арнайы жабдықталған. 20 оқушы бірден отырып, сабақтарын оқи алады. Интерактивті тақтасы бар, сол арқылы физиканың модельдерін, видеоларын көрсете аламыз. Сондай-ақ мұнда зертхана кабинеті бар. Әрбір сабақты тек теориямен ғана емес, практикамен бірге түсіндіре аламыз.

 

Мұхаммеджан Төрегелді елордадағы орта мектептен ауысып келген. Жоғары сынып оқушысы азаматтық авиация академиясына оқуға түсуді жоспарлап отыр. Сондықтан заманауи мектепте терең білім алып, алдағы емтиханға дайындалып жүр.

Мұхаммеджан Төрегелді, Құлынжон мектебінің оқушысы:

 - Әрине қаладан ауылға көшіп, оқу оңай емес. Алайда мен осы жаққа келгелі көптеген мүмкіндіктерді көрдім. Мұнда ауыл балаларына да, қала балаларына да барлық жағдай жасалған. Мен осы жерде мұғалімдердің жақсы сабақ беретінін түсіндім. Қалада мұндай мүмкіндік жасалмайды. Себебі қалада осындай жағдай жасау үшін көп қаражат қажет.

Заманауи мектепте негізінен шалғай елді мекемндерден келген оқушылар білім алады. Жалпы өңірде ауыл мектептерін жаңарту жұмыстары жалғасып жатыр. Зайсан, Күршім және Марқакөл аудандарында жаңа білім беру нысандары салынуда. Былтыр өңірдегі мектептерде физика мен химияға арналған 40 заманауи кабинет пен зертхана жабдықталды. Биыл тағы кемінде 35 сынып қайта жарақтандырылады.

Сергей Коваленко, облыстық Білім басқармасы жанындағы ақпараттандыру ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы:

- Облыстағы барлық 258 ауыл мектебінде IT-сыныптар ашылған. Онда 3D модельдеу, бағдарламалау және робототехника бағыттары оқытылады. Осы ретте ауыл мен қала мектептері арасында айырмашылық жоқ екенін атап өткім келеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел бойынша 1300 мектеп жаңғыртылып жатыр. Жалпы Қазақстандағы білім ордаларының 65 пайызы ауылда орналасқан, онда 1,5 млн-нан астам оқушы білім алады. Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты азайту басты мақсат болып отыр. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Жігер Бабақанов

Сондай-ақ оқыңыз: