Құрылыс сапасына қойылар талап күшейді
Жайлы баспана көптің мұратына айналған тұста тұрғын үй құрылысын дамыту күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін сауалдардың біріне айналғаны даусыз. Президент былтырғы Жолдауында саланың тамырына қан жүгіртіп, баспананы бұқараға қолжетімді етуді міндеттегені мәлім. Құрылыс қарқынын үдетіп қана қоймай, сапаға жіті мән беріп, Үкіметке саланы цифрландыру тетіктерін ұсынуды жүктеді. Содан бері бір жыл өтті. Межелі міндеттің қайсысы мәреге жетті?
Құрылыс сапасын күшейтуге қатысты жүктелген Президент пәрменінен соң елде баспана салу қарқын алып, 20 млн 300 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. Осылайша Тәуелсіздік алған тұстан бері рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, салаға қан жүгірді. Биылдың өзінде 12 мыңнан астам отбасы жалдамалы пәтерге кіріп, 6 мыңнан аса азамат жеңілдетілген ипотека көмегімен үйлі болды.
Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы:
- Несиеге баспана алуға бастапқы жарнасы жетпейтін азаматтарға тұрғын үй сертификаты түріндегі қолдау қарастырылған. Бұл ретте бастапқы жарнаны өтеуге 1 жарым млн теңгеге дейін қаражат беріледі.
Жыл басынан бері мұндай қолдаудың шарапатын 2 мыңнан астам азамат көрді. Десе де, баспанаға бастар жол жеңілдегенімен, оған қойылар талап әжептәуір өзгерді. Енді жалдамалы пәтерді үлестіргенде құр шаршы метрге шақтап қана қоймай, шаңырақтағы адам саны мен соған сәйкес бөлме саны да ескеріледі. Бірақ талап тұрғынға ғана емес, тұрғызушыға да күшеймек. Құрылыс компанияларының ендігі қадамы мен жауапкершілік шегі шілдеде қабылданған Құрылыс кодексімен айқындалады.
Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы:
- Құрылыс кодексіндегі халық үшін маңызды тетіктің бірі – салынған нысандардың ең төменгі кепілдік мерзімінің ұзаруы. Бұл тек тұрғын үйлерге емес, жалпы құрылыс нысандарына қатысты. Бұған дейін 2 жыл болса, енді 5 жылға дейін ұзартылды. Ал көтергіш конструкциялар, шатыр мен қасбетке берілетін ең төменгі кепілдік мерзімі 10 жылға дейін ұлғайды.
Яғни жобаны жоспарлау мен сараптамадан бастап, құрылыс аяқталып, нысан пайдалануға берілгенге дейінгі әр кезең мемлекеттің жіті назарында болмақ. Ал қадағалау тетігін қырағы ету үшін бүгінде цифрлық құралдар мен жасанды интеллект мүмкіндігі жұмылдырылған.
Қазымбек Асхатов, Астана қаласы Мемлекеттік сәулет-құрылысы басқармасының бас маманы:
- Бүгінгі таңда үлкен құрылыс компаниялары жасанды интеллектімен проектілерді сызады. Сергек деген камерамен спуткниктен қарайтындай бағдарламалар енгізіп жатырмыз. Тез анықтайтындай. Өйткені қала үлкен. Мына шетінен, ана шетіне жетем дегенше, инспекторларымыз да аз, мысалы. Бұл дегеніміз – жұмысшыларымызға оңайлатады жұмысты және де тез айқындауға көмектеседі. Былтырғыдан, алдыңғы жылғыдан қарағанда бізде қазір азайды заңбұзушылық. Үлкен тұрғын үйлердікі тіптен азайды. Қазір халық біледі заңның күшейгенін, алдын ала құжаттарын рәсімдейді, енді сапалы салуға тырысады.
Биыл 9 айдың қорытындысы бойынша Астана қаласының Сәулет құрылысы басқармасының мұрындық болуымен, 340-тан астам жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде тәртіптен аттағандарға 180-нен астам нұсқама берілген. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда екі есе аз. Дегенмен қаланың келбеті тек бой көтерген үйлердің санымен өлшенбейтіні аян. Тұрғын үймен бірге мектеп, мәдениет ошақтары, медициналық және өзге де әлеуметтік нысандар салынуы тиіс. Бұл мақсатта жыл соңына дейін елдегі 34 мыңнан астам әлеуметтік инфрақұрылым нысанын мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қажетіне бейімдеу жоспарланып отыр.
Нұраділ Ғалымжан, Астана қаласы Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:
- Біз соңғы жылдардағы жұмыстарды еске алатын болсақ, ол көбінесе көшелерді, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, оларды халықтың барлық нысандарына, барлық топтарына қолайлы салу, реконструкциялау болып табылады. Тротуардан өткен жерде ыңғайлы қылып салу, пандустарды салу және басқа осындай қалалық инфраструктураның элементтерін көре аламыз. Егер біз Республика көшесімен, Кенесары көшесімен өтетін болсақ, қазір біз соңғы жылдары осындай элементтер үйреніп, оны норма ретінде санаймыз. Бірақ ол бірнеше жылдар бойы келе жатқан жұмыстың нәтижесі.
Жыл соңына дейін елде тағы 190 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілуі тиіс. 8 айда меженің жартысынан астамы еңсерілді. Ендігі міндет – шаршы метрді көбейтумен шектелмей, оның сапасына салмақ салу. Өйткені баспана – бүтін бір отбасының ертеңге байлар үміті. Сондықтан құрылыс көбейген сайын бақылау күшейіп, талап та қатая түспек.
Авторлары: Назым Кенжебай, Мерей Талап