Бельгия қазақша сөйлей бастады
Қазақтың тілін ғана білмек емес, ән мен күйін төгілтіп, қазақша киінгенді мәртебе санайтын жастар бар мұнда.
Кейінгі уақытта саяси һәм сауда қатынасы да серпін алды. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияға барады. «Президенттің ресми сапары екіжақты серіктестікті мүлдем жаңа деңгейге көтереді», - дейді мамандар.
Бекзат Аманов, тілші:
-Қазақтың құндылығы шекарамен шектелмейді. Бұл сөзге Брюссель көшелері дәлел. Шаһарда кейде қазақ тілін, кейде домбыраның күмбірін естуге болады. Қос ішекті аспаптан төгілген күй Еуропаның тас көшелеріне де жетуіне діліміз бен дүниетанымызға ерекше қызығушылықпен қарайтын жергілікті жұрт себеп болды.
Брюссельдің қақ төрінде иығына шапан жамылып, басына тақия киген бельгиялықты кездестіреміз деп кім ойлаған?! Лукас біздің ұлттық киімдерге ғана қызықпайды, қазақтың тілін де, ділін де меңгеріп жүр екен. Қолындағы домбырасын Астанадан арнайы тапсырыспен алдырыпты. Онлайн сабақтар арқылы бірнеше күй үйренген. Қазақша ән де шырқайды.
Лукас «көк бөріні» жай жаттамай, мән-мағынасына үңілгенін айтады. Тіпті, қазақтың жан-дүниесін терең ұққысы келіп, Абайдың қара сөздерін француз тіліне аударған. ойшылдың пәлсапасын зерттеп жүр. Ұлы тұлғаның ойларын ежелгі грек философиясымен салыстырып, өз оқушыларына үнемі үлгі қылып көрсетеді. Айтпақшы, Лукас Қазақстанға көшуді армандайды.
Отандастарымызға француз тілін оқытқысы келеді. Мамандығына сай жұмыс тапса, Алматыда тұруға дайын. Бұл туралы өзінің Инстаграм парақшасына да жазыпты.
Ал елімізбен алғаш Моңғолияға барғанда танысқан екен. Сол жерде Баян-Өлгей қазақтарымен бірге аң аулап, атқа мінеді. Содан кейін ұлы дала мәдениетіне қызыға бастайды.
Лукас Моммер, Брюссель тұрғыны:
- Домбыраны алғаш тыңдағанда, оның үні маған далада шауып бара жатқан жылқыларды елестетті. Бұл қатты ұнады. Содан кейін қазақ музыкасын көбірек тыңдай бастадым. Бірақ жай ғана тыңдау жеткіліксіз болды, өзім де орындағым келді. Қазақстанның тарихы өте бай. Оның тамыры тереңде жатыр. Елдеріңіз – дәстүр мен қазіргі заман арасындағы тепе-теңдікті тапқан ең үздік мемлекеттің бірі.
Ұлттық нақыштағы ою-өрнекті бельгиялықтар киіміне ғана емес, денесіне де түсірген. Уэнди Мразек оң қолына байрағымыздағы қыранды бейнелейтін татуировка салса, сол қолын қазақша сөз жазған.
Уэнди Мразек, Брюссель тұрғыны:
-Қазақстанға арналған татуировка бар. Сонымен қатар Димашқа арналған татуировка бар. Ол концерттерінде әлемді бірлікке үндейді. Сол жердегі қанатты сөздерін де жаздырып алғанмын. Мен Димаштың концерттерін көру үшін көптеген елге бардым. Оны танымай тұрып, ұшақпен ешқашан ұшпаған едім. Ал қазір мен көп саяхаттаймын.
Кейіпкеріміз қазақ тілін үйреніп жүр. «Belgian Dimash Dears» деп аталатын қауымдастық өкілі. Сүйікті әншісінің Бельгиядағы концертін көруді армандайды. Димаш осы сұхбатты көріп, шақыруымызды қабыл алса екен деген тілегін де жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапарын жылы қабылдағанның да бірі осы Уэнди. Президент келеді дегенді естіп, арнайы үндеу де дайындаған екен.
ПРЕЗИДЕНТ БЕЛЬГИЯҒА БАРАДЫ
Міне, екі ел халықтары арасындағы мәдени мәміле тығыз. Енді осы байланыс саяси һәм іскерлік бағытта да белең алады. Президент Брюссельге ресми сапармен келеді. Бағдарлама ауқымды, жұмыс кестесі тығыз. Саясаткерлерден бастап бизнес әлеміндегі алпауыттарға дейін кездесу жоспарланған. Млрдтаған қаржының құжаттары келіссөздік қорытындысын күтіп тұр. «Бұл сапар Қазақстан мен ЕуроОдақ серіктестігін жаңа дәуірге шығаруы мүмкіндік», - дейді сарапшылар.
Оған қоса ЕуроОдаққа мүше елдер ірі инвестициялық серіктестің бірі. Ел экономикасына 200 млрд доллардан астам қаржы құйған. Дегенмен, екі тараптың әлеуеі бұдан да зор. Сол себепті сарапшылар Президент сапарынан мол үміт күтіп отыр.
Ернар Серік, сарапшы:
- Еуропаның дамыған елдерінің қатарына жататынын бәріміз білеміз. Еуропалық Одақтың штаб кваритирасы бар екіншіден. Үшіншіден, транзиттік логистикалық саласы өте жоғары дамып жатыр. Біздер Бельгияны ЕО-ға қақпа ретінде қарастырып, олар да бізді Ресей және Қытай нараығына қақпа ретінде қарастырып, екі ел өзара пайдасын табады деп ойлаймын.
Мемлекет басшысын ауқымды келіссөздер күтіп тұр. Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштамен және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездеседі. Кейін Бельгия Премьер-министрі Барт де Вевермен жүзед. Сосын ірі еуропалық компаниялар жетекшілерінің қатысуымен өтетін «Қазақстан – ЕО» дөңгелек үстелінде сөз сөйлеп, бірқатар кездесу өткізеді.
Бекзат Аманов, тілші:
- Бельгияның астанасы, Еуропаның бас қаласы атанған Брюссель. Бұл шаһарда әдетте кәрі құрлық үшін тағдыршешті шешімдер қабылданады. Енді алдағы күндері Қазақстанмен қарым-қатынас қаралмақ. Президент Еуропа Одағының басшылығымен де, Бельгия билеушілерімен де кездесуді жоспарлап отыр.
Авторлар: Брюссельден Бекзат Аманов, Асхат Серікұлы, Дулат Ентебеков