Президент Еуропаның дәулетті инвесторларымен кездесті
$12 млрд доллар. Президенттің Бельгияға ресми сапарында құны осынша қаржыға татитын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Құжаттардың дені зауыт салып, өңдеу өнеркәсібіне дамытуға бағытталған.
Ал Еуропаға пайдалы қазбалар қызық. Бірақ Қазақстан шикізат сатумен шектелмей, өңделген дайын өнім жеткізуді көздейді. Еуроодақ аса маңызды шикізат ресурстарының тізбесіне қосқан 34 минералдың 21-і бізде бар. Алайда оны тек инвестиция және технологияға айырбастаймыз. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Мемлекет басшыс Брюссельде Кәрі құрлықтың бақуатты инвесторларын жинап, елде өнеркәсіпті дамытуға шақырды.
Бұл – Кәрі құрлықтың қалталы кәсіпкерлері. Дәулетті инвесторларды Қасым-Жомарт Тоқаев елдің іскерлік әлеуетін таныстыру үшін арнайы жинады. Таңдауы миллиондардың, шешімі миллиардтардың тағдырын шешетін бай-бағландар бекер келмеді. Олар жаңа нарық іздейді. Ал Қазақстан тұрақты һәм тиімді орта ұсынуға дайын. Сөз басында Президент Еуроодақпен серіктестіктің серпін алғанын айтты. Биліктің байланысы бекем болса, бизнес те өркендейді. Ал Қазақстан саясатта да, саудада да сенімді әріптес. Достық диалог нақты іске ұласқанын жеткізген соң, Қасым-Жомарт Тоқаев ел мүмкіндіктерін жіпке тізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан шет елден тікелей инвестиция тарту бойынша Орталық Азияда бірінші орынға ие, сондай-ақ посткеңестік кеңістік пен теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер арасында көшбасшылықты сақтап келеді. Қазақстанда 4 мыңға жуық еуропалық компания табысты жұмыс істейді. Олардың көбі, әсіресе, Airbus, Polpharma Group, Air Liquide Group, Škoda Group және Alstom секілді компаниялар ондаған жылдардан бері сенімді серіктеске айналды.
Иә, табысты мысалдар жетіп артылады. Алайда инвесторлардың жаңа буынын да қуана қарсы аламыз. Экономика тұрақты дамып келеді. Көрсеткіштердің өсімі халықаралық сарапшылар болжағаннан екі есе артық. Бірақ мемлекет мұнымен тоқмейілсімейді. Инвесторларға қолайлы жағдай жасауды одан әрі жетілдіріле береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа енді инвесторларға «бір терезе» қағидатына сәйкес толыққанды қызмет көрсетеді, ал Инвестициялық кеңес инвестицияға қатысты түйткілді мәселелердің тиімді шешілуін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар біз жаңа ынталандыру тетіктерін енгізе бастадық. Мысалы, Altyn Visa бағдарламасы халықаралық инвесторларға салық және көші-қон мәселесінде едәуір жеңілдіктер береді.
Бұл ұсыныс шетелдік инвесторларға жаққан сыңайлы. Дені дөңгелек үстелге ұсыныспен келіп, келісіммен кетті. Соның бірі тамақ өнеркәсібінде еңбек ететін әлемдегі ең ірі даниялық компания. Қытай, Еуропа және Америкада көптеген зауыттары бар. Енді Қазақстанға инвестиция салуға ниет білдіріп отыр.
Жұмыртқаны өңдеуге және тамақ өнеркәсібіне арналған заманауи зауыт салу туралы құжатқа қол қойды.
Тор Стадиль, компанияның директорлар кеңесі төрағасы:
- Азияда адамдар жұмыртқаны қолмен жарып пайдаланбайды. Оның орнына сұйық жұмыртқа немесе жұмыртқа ұнтағын сатып алады. Бұл біздің маманданған саламыз. Қазақстан нарығын біраз уақыттан бері зерттеп келеміз. Мұнда үлкен нарықтық әлеует бар. Құс азығы жеткілікті әрі қолжетімді. Біз өнімді әлемнің түкпір-түкпіріне экспорттай аламыз. Бұл – Қазақстанда жүзеге асырылатын, бірақ бүкіл әлемдік нарыққа бағытталған жоба. Ол әлемдегі ең үлкен әрі ең озық жұмыртқа өңдеу зауыттарының бірі болады.
Көлік-логистика саласында да әлеует мол. Соңғы 15 жылда инфрақұрылымынның өзіне 35 миллиард доллардан астам қаржы салынды. Қазақстан өңірлік логистикалық хабқа айналуға ұмтылады. Осы ретте тараптар арасындағы 1 миллиард доллар болатын логистикалық инфрақұрылым саласындағы келісімді құптады. Елде аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Осы әлеуетті барынша пайдалану үшін біздің тарап «офтейк» негізіндегі ынтымақтастық жолын ұсынды. Яғни тек шикізатты сатпай, өңделген дайын өнім жеткіземіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстан аумағында литий, никель, ванадий және кобальттың әлі игерілмеген мол қоры бар. Түптеп келгенде, біз серіктестерге өте прагматикалық формула ұсынамыз, яғни стратегиялық ресурстарға қолжетімділікті инвестицияға және технологияға айырбастауға ниеттіміз. Бұл тәсіл Еуропа стандарттарына толық сай келеді.
Бұл ұсынысты инвесторлар оң қабылдады. Сапар аясында күкірт пен күкірт қышқылы өндірісіне қатысты маңызды келісімге қол қойылды. Инвестордың айтуынша, бұл Қазақстандағы алғашқы жобасы, алайда нарықтағы сұраныстың жоғары болуына байланысты мұнда үлкен әлеует бар. Қазірдің өзінде технологияға қызығушылық танытып жатқандар бар.
Пауль Пиантино, Сату жөніндегі аға вице-президент:
- Осы жоба аясында күкірт қышқылын қалпына келтіру қондырғысын жеткіземіз. Сонымен қатар кәсіпорын өз қажеттіліктері мен өндірістік үдерістері үшін күкірт қышқылын өндіре алады. Біздің жабдықтарымыз өте ірі көлемді. Кейбір қондырғылардың көлемін тіпті зәулім ғимаратпен салыстыруға болады. Сондықтан олар тұрақты техникалық қызмет пен бақылауды қажет етеді. Алғашқы кезеңде сервистік қызмет көрсетуді жолға қоюды, кейін өндірістік нысандар ашу мүмкіндігін де қарастырамыз.
Еуропаға былтыр тасымалданған шикі мұнайдың 13 пайызға жуығы Қазақстанға тиесілі. Президент: «Өнім жеткізуді ұлғайтуға дайынбыз», - деді. Десе де, өнеркәсіп секторын дамыту басты назарда бола береді. Былтыр еліміздің ІЖӨ-дегі өнеркәсіп секторының үлесі шамамен 27 пайызды құрады. 190-нан аса жаңа өндіріс тізбегі іске қосылды. Алда да зауыт ашып, өнім өңдейміз дегендерге есік ашық. Ал жоғары технология іздейтін инвесторларға Алатау «ақылды қала» жобасын ұсына аламыз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алатау «ақылды қаласын» стратегиялық тұрғыдан дамытуға ерекше мән береміз. Жаңа Конституциямызға сәйкес, аталған қала айрықша құқықтық мәртебеге ие болды. Бұл маңызды жоба криптоиндустрияның, инновацияның және жоғары технологиялық бизнестің өркендеуіне жол ашады.
Қазақстан білімге негізделген экономика құрғысы келеді. Елде қазір 40 шақты халықаралық академиялық және зерттеу орталықтары жұмыс істеп жатыр. Енді Horizon Europe келесі негіздемелік бағдарламасының қауымдастырылған мүшелігіне өту үшін өтініш берді. Демек Қазақстан экономикамен шектелмей, әлемге біліктілігі жоғары маман даярлайтын білім беру орталығы ретіндегі рөлін нығайта алады. Одан бөлек, ауылшаруашылығындағы әлеует мол. Қысқасы кез келген салада тиімді мүмкіндік бар. Оның орнына табысты бизнес, жоғары технология һәм инвестиция талап етіледі. Мұндай прагматикалық ұсыныс еуропалық кәсіпкрелерді қызықтырмай қоймады. Сапар барысында құны 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды.